Төрт жыл бойы көшедегі жолдың нашарлығы мен кәріз жүйесіндегі ақаулар ондаған отбасыға қолайсыздық туғызған. Қабылдаудан кейін қала әкімі жауапты қызметтерге инженерлік желілерді қалпына келтіріп, жолды жөндеуді тапсырды.
Мердігер "ЭлектроРемонт" ЖШС-мен арадағы сот дауы жобаны іске асыруды қиындатқан. Сот бұл серіктестікті мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп таныған. Демеушілердің қаржысы есебінен жұмысты жеделдету мүмкін болды.
Көшеде магистральдық кәріз желісінің 345 метрі қайта төселіп, қосымша үш кәріз құдығы орнатылды. Сондай-ақ 30-ға жуық тұрғын үйге кәріз желісі тартылды. Инженерлік жұмыстар аяқталған соң, жолға орташа жөндеу жүргізіліп, асфальт жабыны толық қалпына келтірілді.
"Қанша жыл күттік, ақыры жолымыз жөнделді. Бұрын кәріз де, асфальт та жоқ еді. Қазір көшемізге қарасақ, көңіліміз көтеріліп қалады. Өтінішімізді ескеріп, бәрін жасап бергеніне қуаныштымыз", – деді көше тұрғындары.
Қазір көшеде жоспарланған жұмыстардың барлығы аяқталды.