Қағидалардың мақсаты – Қазақстанның климат саласындағы ұлттық мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін жобаларды ашық, есепті әрі тиімді қаржыландыру тетігін қалыптастыру.
Климаттық жобаларды нысаналы қаржыландыруға екі көзден қаражат түседі:
- Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары резервіндегі көміртегі бірліктерін сатудан;
- Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервіндегі көміртегі бірліктерін сатудан.
Климаттық жобалар осы қағидаларға сәйкес айқындалған ұйым арқылы қаржыландырылады. Қаржыландыру жеңілдетілген несие түрінде, қайтарымды негізде беріледі.
Жеңілдетілген несие негізінен жобаны дайындау және іске асыру кезеңдерінде беріледі. Қаражат алдағы уақытта жұмсалатын, алдын ала жоспарланып, мақұлданған шығындарды жабуға арналған. Бұған дейін жұмсалған шығындар өтелмейді.
Климаттық қаржыландыру қаражаты жылдық жоспар мен уәкілетті органның шешімі негізінде жұмсалады. Оператордың шоттарында жиналған қаражатты дивиденд төлеуге, оператордың жалпы әкімшілік шығыстарын немесе қағидалардың мақсатына қатысы жоқ өзге де шығыстарды өтеуге пайдалануға болмайды.
Қағидаларда белгіленген экологиялық және қаржылық орнықтылық өлшемшарттарына сай келмейтін жобаларға қаржы берілмейді.
Ұйым климаттық қаржыландыру қаражатын қайтаруға міндетті. Қаражатты пайдаланғаны үшін сыйақы мөлшері қарыздың бүкіл мерзіміне 0,01% болып белгіленген. Сыйақы бір рет төленеді.
Қаржы жылының соңында оператордың шотында қалған қаражатты климаттық қаржыландыруға қатысы жоқ мақсаттарға алып қоюға болмайды. Бұл қаражат қалдығы келесі жылдың жоспарын әзірлеу кезінде барлық көзден түседі деп жоспарланған түсімдермен бірге ескеріледі.
Бұйрық 2026 жылғы 6 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.