Ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихы бар шаһар бүгінде заман талабына сай жаңарып, жаңа даму кезеңіне қадам басып келеді.
Өскемен – тек өндірісті қала ғана емес, бұл – тағдырлар тоғысқан, ұрпақтар сабақтастығы сақталған, әр көшесі мен әр ғимараты өзіндік тарихтан сыр шертетін мекен. Уақыт өте келе қала Шығыс Қазақстанның маңызды экономикалық, мәдени және қоғамдық орталықтарының біріне айналды.
Сурет: Өскемен қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі
Бүгінде Өскеменнің келбеті күн сайын өзгеріп келеді. Көшелер абаттандырылып, жолдар жөнделіп, қоғамдық кеңістіктер жаңартылуда. Аулалар мен саябақтарда жайлы орта қалыптастыруға, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасауға және көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп отыр. Мұның барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Сурет: Өскемен қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі
Қаланың дамуы тек жаңа нысандар мен инфрақұрылымның өзгеруімен өлшенбейді. Ең бастысы – тұрғындардың қалаға деген көзқарасы, олардың күнделікті өмірінде сезілетін оң өзгерістер мен ортақ іске деген жауапкершілігі.
Сурет: Өскемен қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі
Қала дамуы – ортақ жауапкершілік
Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Амина Құрманжанқызының айтуынша, туған қаланың дамуын көрсету – тек атқарылған жұмыстарды баяндау емес, сонымен қатар әр өзгерістің артындағы еңбекті, нәтижені және алдағы мақсаттарды жеткізу.
"Өскеменнің өзіндік тарихы, қалыптасқан мәдениеті мен ерекше болмысы бар. Бұл қаланың әр кезеңі – оның бүгінгі келбетінің бір бөлшегі. Біздің міндетіміз – қаланың тыныс-тіршілігін, жүзеге асып жатқан жұмыстарды және тұрғындар үшін жасалып жатқан өзгерістерді шынайы әрі ашық көрсету. Қазір қалада жол жөндеу, абаттандыру, жарықтандыру, қоғамдық кеңістіктерді жаңарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Әрине, шешімін күткен мәселелер де бар. Оларды кезең-кезеңімен шешу – басты міндеттердің бірі. Өйткені қаланы дамыту дегеніміз – тек бүгінгі күннің мәселелерін шешу емес, болашақ ұрпаққа жайлы әрі заманауи қала қалдыру", – дейді Амина Құрманжанқызы.
Сурет: Өскемен қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі
Шынында да, қаланың шынайы келбеті оның сәулетімен ғана емес, тұрғындарының өмір сүру деңгейімен, өзара құрметімен және туған жерге деген жанашырлығымен айқындалады. Сондықтан Өскеменнің болашағы – ортақ жауапкершілік пен бірлескен еңбектің нәтижесі.
Тарихын қастерлеп, бүгінін бағалай білген шаһардың ертеңі де еңселі болмақ. Өскемен үшін әрбір жаңа жоба, әрбір игі бастама – қаланың дамуына қосылған үлес.
Тарихы терең, бүгіні берекелі, болашағы жарқын туған қаламыз өркендей берсін!