Директорлар кеңесінің мәлімдемесінде жуырда Компания Басқармасының үш мүшесі қызметінен босатылғаны, ал олардың бірінің сыбайлас жемқорлық айыптауларына байланысты ұсталғаны айтылған.
"Директорлар кеңесі Компания Басқармасының үш мүшесінің жуырда қызметтен босатылуы және олардың бірінің сыбайлас жемқорлық айыптауларына байланысты ұсталуы біздің акционерлеріміз, инвесторларымыз, қызметкерлеріміз бен бизнес-серіктестеріміздің арасында алаңдаушылық тудыруы мүмкін екенін түсінеді. Қалыптасқан ахуалдың күрделі екенін және белгілі бір белгісіздік тудыратынын толық түсінеміз", – делінген мәлімдемеде.
Кеңес корпоративтік бақылау жүйесінің тиімділігін қамтамасыз етуге жауапты екенін атап өтті. Сондай-ақ тәуелсіз тексеру немесе тергеу барысында ішкі бақылау мен рәсімдерде қандай да бір кемшілік анықталса, оны түзетуге дайын екенін жеткізді.
"Біз фактілерді объективті түрде анықтауды ұстанамыз. Компания құзыретті органдармен ынтымақтастықта жұмыс істейді және тиісті жауапкершілікті қамтамасыз етуге ниетті. Кінәсіздік презумпциясы қағидатын ұстана отырып, тиісті құқықтық рәсімдер аяқталғанға дейін жеке жауапкершілік туралы қорытынды жасаудан тартынамыз", – деп жазылған хабарламада.
Директорлар кеңесінің мәліметінше, қазіргі уақытта компанияның басты міндеті – басқару жүйесі мен бизнестің үздіксіздігін қамтамасыз ету, қызметкерлерді қолдау және акционерлердің мүдделерін қорғау.
Сонымен қатар компания қалыптасқан жағдайдың операциялық қызметіне әсер етпегенін мәлімдеді. 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамды көрсеткіштер, сондай-ақ даму стратегиясы өзгеріссіз қалады.
"Компанияның Басқармасы кворумды сақтап отыр, ал қызметтен кеткен басшылардың функционалдық міндеттемелері ішкі рәсімдерге сәйкес Компания басшылығы арасында қайта бөлініп, атқарылатын болады. Тиісті лауазымды тұлғалар тағайындалғаннан кейін белгіленген тәртіппен ресми хабарлама жарияланады", – делінген мәлімдемеде.
Директорлар кеңесі компанияның тұрақтылығы оның басқарушы тобының жекелеген мүшелеріне тәуелді емес екенін де атап өтті. Оның негізі – қызметкерлердің адалдығы, жинақталған тәжірибе, қалыптасқан іскерлік байланыстар және мүдделі тараптардың қолдауы.
Сондай-ақ кеңес акционерлер мен инвесторлардың мүдделерін қорғауға, компанияның құндылығын сақтауға және оның тұрақты болашағын қамтамасыз етуге бейілді екенін растады.
Компания өкілдері алдағы уақытта маңызды оқиғалар мен тұрақтылықты қалпына келтіру, сенімді нығайту бағытында қабылданатын шаралар туралы мүдделі тараптарды хабардар етіп отыруға уәде берді.