Алаяқтық, ұрлық және жалған ақпарат тарату: Санжар Боқаевқа сот үкімі шықты
Фото: pixabay
Оларға аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау (ҚК-нің 190-бабы), қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру (ҚК-нің 218-бабы), ұрлықты ұйымдастыру (ҚК-нің 188-бабы), ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру (ҚК-нің 340-бабы) және көрінеу жалған ақпарат тарату (ҚК-нің 274-бабы) айыптары тағылған.
Ақшаны жымқыру және заңдастыру
Сот үкіміне сәйкес, 2018 жылы "ҚазТрансГаз" АҚ бас директорының кеңесшісі қызметін атқарған Боқаев компания қызметкерлерінің кәсіподағы арқылы халықаралық автожарыс өткізуге қатысты жалпы сомасы 86,9 млн теңге болатын екі келісімшарт жасасуды ұйымдастырған.
Келісімшарттардың бірі 47,9 млн теңгеге Боқаевтың жиені Қалменов басшылық еткен "BM Trust" ЖШС-мен жасалған. Ал автожарысты іс жүзінде ұйымдастырумен "We Can" ЖШС айналысқан.
Қызмет құнын негізсіз көтеру және іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін ақша аудару нәтижесінде 42,2 млн теңге жымқырылған.
Бұл деректер келісімшарттар, сметалық құжаттар, банк үзінділері, сот-экономикалық сараптаманың қорытындысы және куәгерлердің айғақтары негізінде анықталған.
Жымқырылған ақшаның бір бөлігі жабдық сатып алуға, өндірістік орындарды жалға алуға және "Art Romance" брендімен жиһаз өндірісін ұйымдастыруға жұмсалған. Жиһаз сатудан түскен табыс шамамен 9,7 млн теңгені құраған.
Гранит тақталарын ұрлауды ұйымдастыру
2025 жылдың қыркүйегінде Боқаев Нүсіпқожамен бірге Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту нысанынан құны 1,3 млн теңге болатын 12 гранит тақтаны ұрлауды ұйымдастырған.
"Олар тартқан адамдар ақшалай сыйақы үшін тақталарды құлпытас жасайтын шеберханаға жеткізген. Кейін Б. болған оқиғаның видеосын Instagram желісінде өзі анықтаған ұрлық дерегі ретінде жариялаған", – делінген соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Боқаевтың ұрлықты ұйымдастырудағы рөлі оның ұялы телефонынан табылған тікелей орындаушымен хат алмасу арқылы анықталған. Хаттардың мазмұны Боқаевтың орындаушының әрекетін үйлестіргенін көрсеткен.
Сонымен қатар 2025 жылғы 10 қыркүйектегі телефон арқылы сөйлескен аудиожазба зерттелген. Онда гранит тақталарын ұрлауды ұйымдастыру мәселесі талқыланған. Дауыстың Боқаевқа тиесілі екені соттың бейнефонографиялық сараптамасы арқылы расталған.
Бұл деректер куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен және ұялы телефондарды тексеру материалдарымен де сәйкес келген.
Баум тоғайындағы ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру
2025 жылдың қазанында Боқаев пен Нүсіпқожа Баум тоғайындағы жасы 21-ден 150 жылға дейінгі 16 ағашты заңсыз кесу мен зақымдауды ұйымдастырған. Келтірілген шығын 213 мың теңге болған.
Боқаевтың нұсқауымен ағаштарды кесу ұйымдастырылып, ақша тікелей орындаушы Х.-ға берілген.
Ағаштар кесілгеннен кейін Боқаев пен Нүсіпқожа оқиға орнына барып, видео түсірген. Кейін олар бұл материалды құрылыс компаниясының қызметімен және аумақты тұрғын үй салуға дайындаумен байланыстырып жариялаған.
Ағаштарды кесуді ұйымдастыру дерегі тікелей орындаушылардың айғақтары, телефон арқылы жазысқан хаттары, абоненттік байланыс мәліметтері, заттай дәлелдер және Н.-ның кінәсін мойындаған жауабы негізінде анықталған. Ағаштарды заңсыз кескен тікелей орындаушылар бұған дейін Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотының үкімімен сотталған.
Көрінеу жалған ақпарат тарату
"Сот Б. мен Н. жариялаған бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты бейнематериалдарды зерттеді", – делінген Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Бейнероликтердің бірінде Алматыдағы екі жаяу жүргіншілер өткелін жөндеуге шамамен 1 млрд теңге бөлінгені айтылған. Алайда конкурстық құжаттамада он нысанды күрделі жөндеу қарастырылған.
Тағы бір жарияланымда "Атакент" көрме кешені аумағын кешенді қайта жаңғыртуға бөлінген 10 млрд теңгеден астам қаражат тек көшелерді жарықтандыруға жұмсалатын шығын ретінде көрсетілген. Шын мәнінде, жоба аясында субұрқақ кешендерін, инженерлік құрылыстарды, суару жүйелерін салу, көгалдандыру, жабындарды жаңарту және басқа да жұмыстар қарастырылған.
Жарияланған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні бейнематериалдарды конкурстық және жобалық құжаттамамен, мемлекеттік сатып алу порталының деректерімен, куәгерлердің айғақтарымен және сарапшылардың қорытындыларымен салыстыру арқылы анықталған.
Бұған дейін мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарған, квазимемлекеттік секторда және "Нұр Отан" партиясында жұмыс істеген Боқаев мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру тәртібін кәсіби тұрғыдан жақсы білген.
Бұдан бөлек, оның ұялы телефонынан жаяу жүргіншілер өткелдерін күрделі жөндеуге қатысты конкурстық құжаттама тіркелген хат алмасу табылған. Онда нысандар саны мен жоспарланған жұмыстар туралы мәліметтер болған.
Бұл деректер Боқаевтың конкурстық құжаттаманың нақты мазмұнынан хабардар болғанын көрсетіп, оның жағдайды білмей қате түсінгені туралы уәждерін жоққа шығарған.
Тараптардың ұстанымы
Мемлекеттік айыптаушы соттан:
- Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айырып, оған БАҚ, әлеуметтік желілер, журналистика, блогинг және жария қызмет салаларында жұмыс істеуге 10 жыл мерзімге тыйым салуды;
- Қалменовті 7 жылға бас бостандығынан айыруды;
- Нүсіпқожаны 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуді және 5 жыл мерзімге тиісті қызметпен айналысуға тыйым салуды сұраған.
Ақшаны заңдастыру эпизоды бойынша прокурор Боқаев пен Қалменовті қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуіне байланысты жауаптылықтан босатуды өтінген.
Боқаев пен Қалменов кінәларын мойындамаған. Қорғау тарапы тағылған айыптармен келіспей, ақтау үкімін шығаруды сұраған.
Ал Нүсіпқожа кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтып, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды өтінген.
Сот үкімі
Сот Боқаевты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі – 188-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі – 340-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы және 274-бабы 2-бөлігінің 1, 3-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жазаларды ішінара қосу арқылы Боқаевқа 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ оған БАҚ, әлеуметтік желілер, журналистика, блогинг және жария қызмет салаларында жұмыс істеуге 10 жыл мерзімге тыйым салынды.
ҚК-нің 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша Боқаев қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуіне байланысты жауаптылықтан босатылды.
Қалменов ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. ҚК-нің 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша ол да қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуіне байланысты жауаптылықтан босатылды.
Нүсіпқожа ҚК-нің 28-бабы 3-бөлігі – 188-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі – 340-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы және 274-бабы 2-бөлігінің 1, 3-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы оған 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар тиісті қызметпен айналысуға 5 жыл мерзімге тыйым салынып, пробациялық бақылау белгіленді және мәжбүрлі еңбекке тарту туралы шешім қабылданды.
Боқаев пен Қалменовтен "ҚазТрансГаз" АҚ қызметкерлерінің кәсіподағының пайдасына ортақ тәртіппен 42 177 137 теңге өндірілді.
Жеке қаулылар
Сот екі жеке қаулы шығарды.
Бірінші қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Республикалық адвокаттар алқасына жолданды. Онда қорғау тарапының кейбір адвокаттарының жол беруге болмайтын әрекеттері көрсетіліп, олардың тәртіптік жауаптылығын қарау қажеттігі айтылған.
Екінші қаулы "QazaqGaz" ҰК" АҚ-ға қатысты. Онда кәсіподақ арқылы іс-шараларды қаржыландыруға бөлінген қаражаттың аударылуы мен жұмсалуына бақылаудың жеткіліксіз болғаны көрсетіліп, ішкі қаржылық бақылауда анықталған кемшіліктерді жою қажеттігі атап өтілген.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.