Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылдың соңы мен 2027 жылдың басындағы мереке және демалыс күндерінің кестесін жариялады.
Қазақстанда Тәуелсіздік күні 16 желтоқсанда атап өтіледі. Биыл бұл мереке сәрсенбіге сәйкес келгендіктен, демалыс күндерін ауыстыру қарастырылмаған.
Бес күндік жұмыс аптасымен еңбек ететін азаматтар желтоқсанда 22 күн жұмыс істеп, тоғыз күн демалады. Демалыс күндері – 5, 6, 12, 13, 16, 19, 20, 26 және 27 желтоқсан.
Ал алты күндік жұмыс аптасындағылар үшін 26 жұмыс күні және бес демалыс күні қарастырылған. Олар 6, 13, 16, 20 және 27 желтоқсанда демалады.
Айта кетейік, 31 желтоқсан – бейсенбі, яғни қалыпты жұмыс күні. Заңнамада Жаңа жыл қарсаңында жұмыс уақытын міндетті түрде қысқарту талабы жоқ. Алайда жұмыс беруші ұжыммен келісу арқылы жұмыс күнін қысқартуға құқылы.
Жаңа жылдағы демалыс күндері
"Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға сәйкес, 1 және 2 қаңтар – мереке күндері. 2027 жылы 1 қаңтар жұмаға, ал 2 қаңтар сенбіге сәйкес келеді.
Бес күндік жұмыс аптасында сенбіге түскен демалыс күні 4 қаңтар, дүйсенбіге ауыстырылады. Соның нәтижесінде азаматтар 1-4 қаңтар аралығында төрт күн қатарынан демалады.
5 және 6 қаңтарда жұмыс күні болады. Ал 7 қаңтарда православиелік Рождество мерекесіне байланысты қазақстандықтар тағы бір күн тынығады.
Алты күндік жұмыс аптасындағылар 1, 2 және 3 қаңтарда демалып, 4 қаңтарда жұмысқа кіріседі. Олар үшін де 7 қаңтар – демалыс күні.
Оқушылардың қысқы каникулы 14 күнге созылады
Мектеп оқушыларының қысқы демалысы 2026 жылғы 28 желтоқсанда басталып, 2027 жылғы 10 қаңтарды қоса алғанда жалғасады. Оқу-ағарту министрлігі бекіткен кесте бойынша каникул 14 күнге созылады.
Бес күндік оқу аптасымен білім алатын оқушылар 26 және 27 желтоқсандағы демалыс күндерін қосқанда, 16 күн қатарынан тынығады.
Олар үшін 25 желтоқсан – каникул алдындағы соңғы оқу күні. Ал 11 қаңтарда оқушылар қайтадан сабаққа барады.