Әнші Динара Сұлтан бүгінде 5 баланың анасы. Өнер иесінің үш қыз, екі ұлы бар. Ұзақ уақыт бойы Дубайда тұрған Динара балаларының есімін қысқа етіп таңдауға тырысқан. Себебі арабтар көп әріптен тұратын қазақша сөздерді айта алмай, қиналады екен. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі “Түнгі студия” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
“Қазақстанда 5 бала туған ана салықтан босатылады екен. 6 бала тусаң, күйеуің де босатылады екен”, – деп күлді Динара.
Әнші бесінші перзентін былтырғы жылдың наурыз айында босанған. Бір қызығы, Динара перзентханаға өзі көлік жүргізіп барған. Толғақ қысқан кезде жанында ешкім болмапты.
“Жексенбі күні болып қалды. Қасымда көмекшім де болған жоқ, жолдасым да жұмыс бабымен шетелге кетіп қалған. Балалардың бәрі үйде, айқайлап-жамырап, тамақ ішеміз деп жатқан. Мен толғақты сездім, өзім баруға мәжбүр болдым. Бір жақсысы, жексенбі күні көшелер бос, кептеліс жоқ. Кептеліс болса бітті ғой. 10 минутта жетіп бардым. Кішкентай ұлымның есімі Мәди, үлкені Мұса”, – дейді Динара Сұлтан.
Өнер иесі бүгінде отбасы мен өнерді қатар алып жүрген бикештердің қатарында. Динараның айтуынша, бәріне бірдей үлгерудің бір ғана құпиясы бар. Ол:
“Ең бастысы, ерте тұру керек. Дубайда, мысалы, студияға барасың ғой. Кешкі 6 болса, банк сияқты жабылып қалады. Біздегідей түнімен жазу деген жоқ. Сол жағынан ыңғайлы”.