Белгілі әнші, “Жаңа толқын-2015” байқауының жүлдегері Диная басынан өткен ауыр жайтты баяндады. Өнер иесі осыдан бір ай бұрын басына іс түскенін айтты. Алайда не болғанын айтудан бас тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Құрметті менің туыстарым, достарым мен оқырмандарым! Осыдан бір ай бұрын мен қоғамнан аластатылдым. Оның себебі бар. Барлығы үнсіз өткенін қалап едім, бірақ әлемде жауыз адамдар бар. Ақпарат тарап, суретім желіде тарап кетті. Әдейі ма, қасақана ма – оны адамның ұятына қалдырдым. Сол себепті өз аузыммен айтып берсем деймін”, – дейді әнші.
Диная денсаулығы үшін алаңдаған жандарға алғыс айтты. Ол бүгінде денсаулығының жақсарып келетінін айтып қуанды. Сондай-ақ, болған оқиға жайлы сұрақ қоймауды өтінді.
“Уайымдағандарыңыз үшін рақмет, оны бағалаймын. Ең бастысы, аман-саумын. Жағым қалпына келуде, тілімнің мүкісі енді жоқ, Аллаға шүкір, жүйке талшықтары зақымданбаған. Иә – ауырады, иә – бәрі ақырындап қалыпқа келеді. Ұзаққа созылған демалыстан шығып, жұмысқа кірістім. Сөйлесуге дайынмын, бірақ кішкентай өтінішім бар. Өтінемін, не болғанын, қалай және қашан болғанын сұрамаңыздаршы. Мен ол сәтті басымнан өткіздім және қайта еске түсіргім келмейді. Жұмыс істеуге дайынмын. Жаңа белестерді бағындыруға дайынмын. Өздеріңізді, жақындарыңызды бағалаңыздар. Өмір сондай қызық, алдын ала ештеңені болжай алмайсың”, – дейді әнші.