Белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіттің «Дара жол» бағдарламасының бұл жолғы кейіпкері – ҚР Халық артисі Роза Рымбаева болды. Өнер жұлдызының жақыны ретінде студияға келген Мәдина Сәдуақасова осыдан 20 жыл бұрын Қуанышқызы сыйлаған көйлекті киіп келді деп жазады sn.kz.
«Жас Қанат» байқауында Рымбаева Мәдина Сәдуәқасованың финалға шығуына себеп болған екен. Тіпті өнердегі шәкіртіне ұстазы көйлек те кигізіпті.
«Ең бірінші сурет тура 20 жыл бұрын «Жас Қанаттың» финалынан кейін жасалған, қасымызда маэстро Кеңес Дүйсекеев, менің үстімде Роза Қуанышқызының сыйға тартқан көйлегі. Кеше «Қазақстан» арнасындағы «Дара жол» бағдарламасы Роза Рымбаеваға арналған, сол көйлекті киіп бардым әдейі, сосын суретке түстік, келесі фото сол кешегі бағдарламадан. 20 жыл кәдімгідей уақыт қой! Өзгердік әрине, бірақ Роза Қуанышқызымен арамыздағы сыйластық еш өзгермеген!», – деп жазды ол желідегі парақшасына.
Еске сала кетейік, «Жас Қанат» республикалық жас әншілер байқауын Дана Нұржігіт жүргізген болатын.