Бірнеше әйел испаниялық опера әншісі Пласидо Домингоны сексуалды зорлық жасады деп айыптауда, деп хабарлайды РИА Новости.
Ассошиэйтед Пресс агенттігінің дерегінше, ол рөл беремін деген уәдемен әйелдерді сексуалды қарым-қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Көнбей қойғандарды сахнадан аластатату арқылы "жазалаған".
Сегіз әнші әйел мен бір биші әйелдің айтуынша, Доминго 80-ші жылдары оларға қарсы сексуалды зорлық жасаған.
Зорлық көрген сегіз әйел әлі де өнер саласында жұмыс істейтіндіктен, аты-жөндерін жасыруды сұраған.
Әнші Патрисия Вульф өзінің есімін жариялауға рұқсат берді. Тағы 50-шақты әйел кезінде Пласидоның зорламаса да анайы ұсыныстар жасағанын жайып салды.
Ассошиэйтед Пресс 30-ға жуық әнші, биші, музыканттармен, басқа да театр қызметкерлерімен сұхбаттасып, Доминго туралы түрлі сұмдықты естіді.
Алайда қарт Домингоның қазір еш күнәсін мойындайтын түрі жоқ.
- 30 жыл бұрын болған нәрселерді қазір еске түсіре қалып, айып таққаны ақылға қонбайды, - деді ол.
- Мен қашан да әйелдермен тек екеуара келісім арқылы қатынасқа түсетін адаммын. 50 жылдан астам уақыт бойы операда жүрген мен өзімді ең жоғары стандарттарды ұстанатын, мәдениеті жоғары адам қатарына жатқызамын, - деді Доминго.
Агенттік атап өткендей, әйелдердің ешқайсысы айғақ заттар ұсына алмады, Ассошиэйтед Пресстің тергеуі тек ауызша айтылған сөздерге негізделген.