"Жылына 10-15 сантиметрге ығысқан": Түркістанда Ясауи кесенесі маңындағы қорған қабырғасы жөнделуде
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
"Қазқайтажаңарту" РМК мамандары Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында орналасқан көне қалашықтың қорғанына ғылыми-реставрациялық жұмысты жүргізіп жатыр. Қабырғаны қалпына келтіру туралы шешім мониторинг нәтижесінде қабылданды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы 2026 жылы 27 шілдеде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ведомство мәліметінше, қабырға бақылау барысында жыл сайын оның 10-15 сантиметрге ығысатыны анықталған.
"Жоспарға сәйкес, шығыс қақпадан бастап 32 метр аумақ қалпына келтіріледі. Ал апатты жағдайда тұрған қабырға бөлігінің жалпы ұзындығы – 40 метр. Қорған қабырғасы 2000 жылдары археологиялық зерттеулерге сәйкес қайта қалпына келтірілген. Бұл жолғы ғылыми-реставрациялық жұмыс кезінде іргетасы нығайтылып, апатты бөліктен алынған жарамды материалдар сақталып, солардың көмегімен қабырғаның бүлінген бөлігі қайта қаланады. Жүргізіліп жатқан жұмыстар қабырғаның одан әрі бүлінуіне жол бермей, цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінің тарихи келбетін сақтауға мүмкіндік береді", делінген ведомство хабарламасында.
Ғылыми реставрацияны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Бұған дейін Ясауи іліміне қатысты XVII ғасырдағы сирек қолжазба Мәскеуден табылғаны хабарланған.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript

