Астаналық тележүргізуші әрі дизайнер Динара Сәтжан Жанар Хамитованың қазасына қатысты желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Динара марқұм әншіні жеке танымағанымен, оның отбасылық мәселелерінен сырттай қанық екенін айтады.
- Отбасындағы мәселесі аздай, оған елдің қаңқу сөзі қосылды. Тіміскіленіп, қаламаса да жеке өміріне бас сұғып, қаңқу сөздерді желдей есіп, болмайтын нәрселерді сөз қылып есін шығарды оның. Ал ол адам қолдауға, жылы сөзге зәру болған. Тіпті әлеуметтік желілерді алайық. Шын ғой, біз кейде тым қатал, қатыгез боламыз. Біреудің өміріне кірігу ол арада оңай. Талқылайсың, өз пікіріңді, кейде жаман сөз жазасың, одан соң оны ұмытып та кетесің. Ал ол біреудің өмірі, сол сөзбен өмір сүруі керек. Сол сөзді көтеруі тиіс. Ал көтере алмаса ше?.. Бір-бірімізге мейірімді болайықшы біз. Онсыз да көп емеспіз. Қамшының сабындай мына қысқа ғұмырда бір-бірімізді бағалап, әрдайым қамқор болайық, - деп жазды Динара Сәтжан Инстаграмдағы парақшасында.
Әнші 16 қыркүйекте таңғы 09-00 уақытында Қарқаралыда өзінің ата-анасының үйінде өлі табылған. Қарағанды облысының полиция қызметкерлері бұл фактіні тіркеп, ол бойынша қылмыстық іс қозғаған. Істің мән-жайы қазір анықталып жатыр.
Оқи отырыңыздар: "Іс қозғадық...". Полиция Жанар Хамитованың қайтыс болғанын растады