Бурабайда Абылай ханның алып монументі бой көтереді

2019 жылдың аяғында Арман Төлегенұлы Абылай хан монументін салу бастамасын көтерген болатын.

Бурабай курорттық аймағындағы Кенесары ауылында Абылай ханның монументі салынады деп жоспарлануда. «Кешен "Абылай Хан" монументі деп аталады, биіктігі 54 метр болады. Абылай ханның тақта отырған келбеті суреттеледі. Ханның асатаяғына жедел саты орнатылады, келушілер сол арқылы 20 қабаттық биіктікке көтеріліп айналаны тамашалай алады", - деді қоғам қайраткері Арман Шораев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте, деп хабарлайды "Хабар-24".

Сондай-ақ кешенде қазақ халқының хандық дәуірін суреттейтін мұражай, кітапхана, демалушыларға қажетті әлеуметтік нысандар болады деп күтілуде. Кешенді мемлекеттік бюджеттің қаржысына емес, қарапайым халықтың қолдауымен салу көзделіп отыр. Бастамашы топ жалпы халықты осы жобаға үлес қосуға шақырды.

Сонымен қатар жобаны іске асыратын сәулетші, дизайнер, суретші, инженер, құрылысшы мамандар арасында халықаралық ашық конкурс жарияланды. Яғни, Абылай хан кешенінің сызбалық нұсқасын жасауға әлемнің кез келген елінен үміткерлер қатыса алады.

Конкурс 1 наурыз бен 15 сәуір аралығында өтеді. Биыл 7 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайында комиссия құрамы конкурсқа келіп түскен үздік 5 жобаны анықтайды. Ұйымдастырушылардың қаржыландыруымен іріктелген 5 жобаның сызбалық нұсқасы жасалады. Одан соң үздік 5 макеттің арасынан сәулеті мен тиімділігі жоғары деп бағаланған автордың жұмысы мақұлданбақ.

Айта кетсек, 2019 жылдың аяғында Арман Төлегенұлы Абылай хан монументін салу бастамасын көтерген болатын. ҚР Президенті Қ.Тоқаев өз кезегінде бұл бастаманы құп көріп, қолдау білдірді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: