Алматыда Құранды жатқа айту байқауы өз мәресіне жетті

"Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорының басшысы Қасым Қасабек толық Құранды жатқа оқу бойынша жеңіс тұғырынан көрінген Сұлтанбай Назарға автокөліктің кілтін тарту етті.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы қаласы өкілдігі және "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен "Гүлжан Төлегенқызы" атындағы Құранды жатқа оқудан ұлдар мен қыздар арасындағы қалалық байқау өз мәресіне жетті, деп хабарлайды zakon.kz.

ҚМБД-ның мәліметінше, қалалық Құран байқауға 86 қари қатысуға өтініш білдіріп, 18 мамырдағы Іріктеу сайысында өзара бақ сынады. Солардың ішінен 40 қари ақтық сайысқа жолдама алды.

Алматы Орталық мешітінде өткен жеңімпаз қариларды марапаттау кешіне "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорының басшысы Қасым Қасабек, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, Нұр-Мүбарак мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы, Нұр-Мүбарак университетінің ұстазы Ризабек Батталұлы, Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Кикимов, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, ақын Бауыржан Халиолла, Алматы облысының бас имамы Қуаныш Наржанов, Ерсін қари Әміре бастаған қазылар алқасы және мешіттің дін қызметкерлері қатысты.

Шарада елімізге танымал дін және қоғам қайраткерлері өз қолдарымен жарыста орын алмаған әрбір қариға ынталанданыру сыйлығы ретінде 50 000 теңгеден берсе, ал жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйлықтар табыстады.

Соның ішінде "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорының басшысы Қасым Қасабек толық Құранды жатқа оқу бойынша жеңіс тұғырынан көрінген Сұлтанбай Назарға автокөліктің кілтін тарту етті.

Құран байқауының жүлдегерлері төмендегідей марапаттарға ие болды:

15 қари қатысқан Толық Құранды (30 пара) жатқа оқу бойынша:

- Бас жүлде – Сұлтанбай Назар

- І орын – Иманәлі Бейбітұлы

- ІІ орын – Абдулхаким Агзамханұлы

- ІІІ орын – Алибек Жанодилулы

15 қари қатысқан Құранның 15 парасын жатқа оқу бойынша:

- І орын – Раушан Хабиболла

- ІІ орын – Ахмадходжа Саивалиұлы

- ІІІ орын – Акмал Давранбекұлы

10 қари қатысқан Құранның 10 парасын жатқа оқу бойынша:

- І орын – Жәнел Серікқызы

- ІІ орын – Құлмаханбет Асылайым

- ІІІ орын – Фатима Абулқасымқызы

Шара соңында Нұр-Мүбарак мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы мен Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Кикимов Құран байқауына жоғары баға беріп, Құран мен қариларға құрмет көрсеткендерге Алланың ризашылығын тіледі.

Көрермендер еліміздегі пандемиялық жағдайға байланысты Құран байқауын azan.kz сайтының ютуб каналынан онлайн тамашалады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: