Швейцарияда Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығы атап өтілді, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл шара Қазақстан елшілігінің бастамасымен Берн қаласында ұйымдастырылды. Онда британдық продюсер Андре Сингердің "Жел қайда соқты" атты дерек фильмі мен ядролық қарусыздандыру саласындағы әлем елшісі Қайырбек Күйіковтың "Көк жарық" деп аталатын суреттер көрмесі таныстырылды. Шараға қатысушылар ядролық полигонның жабылуының тарихи маңызын атап, ядролық қарудан ада әлем құру жолындағы еліміздің бастамаларын жоғары бағалады, - дейді "Хабар 24"
"Жел қайда соқты" деректі фильмінің көрсетіліміне дипломаттар, мәдениет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен журналистер жиылды. Британдық продюсер Андре Сингер сынақтар өткен 40 жылдық тарихты және "Невада – Семей" қозғалысы белсенділерінің күресі туралы бір жарым сағаттық фильм түсірді. Онда зардап шеккендердің естелігі мен сарапшы пікірлері, сондай-ақ полигонның адамзатқа тигізген алапат әсері баяндалады.
Маркус Кремер, қаржы саласының сарапшысы:
Бұрын бұл жайында хабарсыз едім. Алайда фильм мен Қайырбек Күйіковтің жан түршігерлік суреттері арқасында сол жылдары не болғанын білдім. Осы суреттер келешекке деген сенім секілді. Сынақтан зардап шеккендер өзіне тиген зардабын еңсеріп, жарқын болашағын құру үшін тынбай еңбек етіп жатқанын көріп тұрмыз.
Роджер Николас Бальзигер, кәсіпкер:
Ядролық қарудан қандай зиян келгенін көру қорқынышты. Елуінші жылдары отбасым бұған қарсы болғаны есімде бар. Осы сұмдықты доғаруға шақырған. Әлі күнге дейін бұл мақсатымызға жеткен жоқпыз. Ядролық қарудан толығымен құтылу үшін бар күшімізді салуымыз керек.
Швейцария сасятакерлері мен дипломаттары Азия мен Еуропа арасында орналасқан Қазақстанның ядролық қауіпсіздік жөнінде барлық халықаралық келісімдерді дайындауға белсенді араласып, осы істе маңызды еңбек атқарып жатқанын ерекше атап кетті.
Әлібек Бақаев, Қазақстанның Швейцариядағы елшісі:
Бұл шараның басты мақсаты – Еуропа қауымдастығына Қазақстан тарихында болғанын және мұны ұмытпағанымызды көрсетумен қатар, әлемде бұдан былай осындай жағдай қайталанбас үшін өзге елдер, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарды Қазақстанмен бірігіп, толыққанды жүйелі жұмыс атқаруға шақыру болып отыр.
Рето Воллеман, Швейцария СІМ бөлім жетекшісінің орынбасары:
Семей ядролық полигоны жабылуының 30 дылдығын атап өту – өте маңызды оқиға, ядролық қарусыздандыру мақсатымызға жететінімізге үміт беріп отыр. Қазақстандағы ядролық сынақтардан зиян шеккендердің ауыр зардабы осы маңызды шешімді қабылдауға түрткі болды.
Ядролық сынақтардан ең көп зиян көрген ел Қазақстанның бейбіт бастамалары қарудан ада әлем құру жолындағы күрестің жарқын үлгісі болып қала береді дейді қатысушылар.
Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов