«Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен тілдерді дамыту саласында кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар жұмыскерлер, тіл саясатын дамытуға ерекше үлес қосқан және тілдерді дамыту саласын жетілдіруге белсенді қатысқаны үшін азаматтар марапатталады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың тілдерді дамыту cаласындағы жергілікті атқарушы органының басшысының бұйрығымен тіл саясатын дамытуға және тілдерді дамыту саласын жетілдіруге елеулі үлес қосқан тұлғаларды марапаттауға материалдар енгізу жөніндегі Жұмыс комиссиясы құрылады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың тілдерді дамыту cаласындағы жергілікті атқарушы органы Жұмыс комиссиясының жұмыс органы болып есептеледі.
Ұлттық мереке «Тәуелсіздік күніне», кәсіби мереке «Қазақстан халқы тілдері күніне» орай әрбір күнтізбелік жылдың 15 маусымынан кешіктірмей тиісті ұйымдар Жұмыс комиссиясының жұмыс органына «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Көтермелеумен марапаттауға үміткер туралы ұсыныс енгізеді.
Жұмыс комиссиясы Министрлікке Жұмыс комиссиясының хаттамасына сәйкес тұлғаны «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттау туралы ұсынысты күнтізбелік жылдың 1 тамызына дейін енгізеді.
Құжат 16 маусымға дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында жарияланды.