Қаулы жобасы бүгінгі Үкімет отырысында бекітілген.
Еске салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биылдан бастап "Қазақстанның халық артисі" атағы қайта берілетін болды. Құрметті атаққа лайық мәдениет қайраткерлері Республика күні қарсанында марапатталады.
Құрметті атақ еліміздің театр, цирк, музыка және кино өнерін дамытуға ерекше үлес қосқан, осыған дейін "Қазақстанның еңбек сіңірген артисі" немесе "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болған мәдениет қызметкерлеріне беріледі.
Бүгінде елімізде 49 өнер қайраткері «Халық әртісі» атағына ие, оның ішінде 37 адам мемлекеттік мәдениет мекемелерінде қызмет істейді.
"Қазақстанның халық артисі" атағын қайта беру мемлекет тарапынан өнер қайраткерлерінің еңбегін бағалауға, кәсіби қасиеттерін дамыту және жетілдіруге, кәсіби шеберлік деңгейін арттыруға және жаңа өнер туындыларын жасауға ынталандыруға, жас буынның шығармашылық өсуіне және ұрпақтар сабақтастығына қызығушылық арттыруға ықпал етеді", - деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.