Қазақстанда көкпаршы қыз туралы деректі фильм түсірілді

Елімізде көкпаршы қыз Ева Жигалина жайлы "Ева. Батыр қыз" деректі фильмі түсірілді. Бұл – бала кезінен дала төсінде ойқастап, бар мәдениетін бойына сіңіріп өскен табанды қыздың сүйікті ісімен айналысу хақы үшін күресі туралы оқиға.

Дәстүрлі қасаң қоғамда әйелдерге көкпарға қатысуға қатаң тыйым салынған. Бірақ Ева қиындықтарға мойымастан табандылық танытып, стереотиптерді бұзды, әлеуметтік және мәдени тосқауылдарды еңсере білді. Ол көкпар тек ерлердің ойыны деген мықтылармен текетіресте болды. Дегенмен Еваны қолдайтындар да табылып, оның жігеріне, арманына адал мінезіне лайық бағасын бере алды. Олар Еваны жігерлендіріп, тосқауылдарға төтеп беруіне көмегін аямады. Ева кәдімгі қара күштен де, ептен де кенде емес. Ал оның ішкі жігері, жалыны мен табандылығы көрген адамды қанаттандырады.

Фильм көрерменді эмоциялық саяхатқа үйіріп әкетіп, сол уақытта кейіпкердің алдындағы қиындықтарды, оның сәйгүлікке деген махаббатын паш етеді.

"Ата-анам көкпарға қатысуға тыйым салған. Бірақ бір жерде көкпар болып жатыр десе делебем қозып, үйден қашып кететінмін. Көкпарға алғаш рет 15 жасымда қатыстым. Шақырусыз барған едім. Өзім де таң қалдым. Атта отырып, ерлердің көкпарда жан алып, жан бергенін көрдім. Оларға қосыла кетіп, серкені тартып алыппын. Ерлер мені қуа жөнелді, бірақ ұстатпай кеттім. Қазір жұрттың көкпарға қызығуы артқанын көріп жүрмін. Маған ұлдар да, қыздар да хат жазып, үйретші деп жатады", - дейді Ева Жигалина.

"Ева. Батыр қыз" деректі драмасы Темірбек Аманжолдың режиссерлік алғашқы қадамы. Темірбектің өзі де атпен туризмді және атқа отыру мәдениетін зерттеп жүр. Еваның хикаясы - салт-дәстүр, жігер мен құрбандық шиеленіскен әлемге шытырман саяхат. Осындай қым-қуыт әлемде нәзік жан ағысқа қарсы жүзіп, махаббат пен жалынның алмайтын қамалы жоғын айшықтайды дейді ол.


"12 жылдан бері аттарды фильмдерге түсіріп, атқа отыру мәдениетін, неономадизмді зерттеп жүрмін. "Ева. Батыр қыз" фильмінде қазақылықтың формуласын паш еткім келеді. Елі бөтен, діні бөтен басқа жұрттар неліктен осы ойынға ғашық болып, бар өмірін сарп еткізуге бар? Көкпар мен аттар несімен тартады? Еңбекті осы сұрақтарға жауап іздейтін зерттеу десеңіз де болады", - дейді Темірбек Аманжол.

Фильмнің продюсері Думан Қожахметтің айтуынша, осы фильмнің халықаралық деңгейге шығуға әлеуеті мол. Қазір бірнеше шетелдік стриминг-сервистермен прокат туралы келіссөздер жүріп жатыр дейді ол.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: