Жыл басынан Қазақстанда бірнеше ірі кинопремьера өтті. Олардың кейбірі қазақ тілінде дубляждың болмауына байланысты көрермендеріміздің назарынан тыс қалды.
"Мен халықтың пікірін бақылап отырмын. Біз бұл мәселені ешқашан естен шығармаймыз. Кассалық фильмдер аудиторияға мемлекеттік тілде қолжетімді болуы керек. Мысалы, былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көрерменнің қызығушылығын тудырған 3 кинопремьера қазақша дубляжбен шықты. Биыл біз мәдениет саласын дамытудың 7 жылдық тұжырымдамасын әзірлеп, үкімет қаулысымен бекіттік. Енді жыл сайын кем дегенде 15 кинопремьераға қазақша дубляж жасалуы керек деген міндет қойдық", - деді Асхат Оралов.
Мәдениет және спорт министрі наурыз айында мемлекеттік тілге дубляж жасау үшін фильмдерді іріктеу ережесін бекітті. Министрлік алдағы бірнеше жылда жалпы прокаттағы қазақша фильмдердің үлесін 30%-ға дейін жеткізуге ниетті. Бұл көрсеткіш кассалық шетелдік фильмдерге мемлекеттік тілде дубляж жасау арқылы да артуға тиіс.
"Тағы бір өзекті мәселе - қазақша дубляжбен шығатын картиналар сеансы әрдайым көрерменге ыңғайлы уақытта қойыла бермейді. Бұл туралы да маған әлеуметтік желіде жиі жазады. Фильмді мемлекеттік тілде көргісі келетіндер көбіне түнде киноға баруға мәжбүр. Бұл, әрине, дұрыс емес. Біз кинотеатрлардың жекеменшік кәсіп нысаны екенін түсінеміз. Дегенмен де мемлекеттік тұрғыдан біз дүниежүзі көретін кинопремьералардың қазақша және ыңғайлы уақытта көрсетілуін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Сондықтан жеке кәсіпкерлермен, кинотеатрлардың иелерімен осы бағытта жұмысты жандандыруымыз қажет",- деді министр.