Атаулы датада Қанат Айтпаев Instagram-дағы парақшасында өмірінің ең елеулі сәтін суреттеп, әсерлі жазба жариялады.
Сурет: Instagram/kanat_sveta_aitbayevtar
"Амангелді Сәндібаев ағамыз жетекшілік ететін "Жібек жолы" ансамблінің құрамындағы кезіміз. Екеуміз де студентпіз. Болашақ педагогтармыз. Ағамызға өтініш жасап, менің туған жерім Ембіде тобымызбен концерт беретін болдық.Ойым ата-анама болашақ келіндерін көрсету... Қаламыздағы "Достық" мәдениет үйінде ине шаншар орын жоқ, халық лық толы. Алдыңғы қатарда ата-анам, олардың достары отыр. Концерт басталды. Сол кезде тыңдарманның құлағына сіңісті болған әндеріміз бірінен соң бірі орындалып жатыр. Бағдарламамыздың орта тұсына таман "келесі әнді орындайтын Светлана Төлемісова, қарсы алыңыздар!" деп хабарлап, сахна сыртына шығып кеттім", деп жазады Қанат Айтпаев.
Одан соң үлкен баянын көтеріп, Света ортаға шығады.
"Үстінде талдырмаш, нәзік бойына қона қалған ақ көйлек, бота көздері күлімдей мөлдіреп, толқындана бұйраланып, иығына түскен шашы өзіне ерекше жарасып тұр. Микрофонын ыңғайлап алып, аспабының түймелеріне қол салды. Баянның сырлы үніне бұлақтың сыңғырындай әнші қыздың үні астасып әсем ән төгіле жөнелді. Шәмшінің "Ақ ерке-ақ жайығы". Алғашқы қайырмасынан-ақ залдағы халық таныс әнді қосыла шырқай жөнелді. Сахнаның жақтау шымылдығынан жүрегім атқақтай соғып, ата-анамның жүздеріне сығалай қарап тұрмын", - дейді Қанат аға.
Сөйтсе екеуі де ерекше мейіріммен күлімдеп отыр екен. Қасында отырған құрбысы сахнадан көз алмай, арасында анасының құлағына сыбырлап жатыпты.
"Қимыл-қозғалысына қарасам, жағымды нәрсе айтып жатқан сияқты. Концерт аяқталды. Ансамблімізді үйге қонаққа шақырдым...Меймандарды шығарып салған соң ас үйде қасында көмектескен болып, қипақтап жүрген маған қарап анам жымиып "топтарыңдағы әнші қыз әп-әдемі бала екен", - деді. Қасымдағы құрбыларым "Қанатжан дәу де болса осы қызды таныстырайын деп әкелді-ау?" деп жатыр. Солай ма?Анамның жүзіне қарап күлімдей беріппін. Жүрегім лүп-лүп...".
Арада екі-үш ай өткен соң ата-анасы арнайы барып, болашақ құдаларымен танысып, уағдаласып, тойдың күнін белгілеп қайтыпты.
"Содан бері отыз жыл өтті. Құда-құдағилар өзара ең жақын, сырлас адамдарға айналды. Отбасымызда үш баламыз өмірге келді. Өмірде қол ұстасып, тату-тәтті бірге келе жатырмыз. "Меруерт тойымыз" құтты болсын, Светик! Ата-анамыз айтпақшы, өмірдің қызық, қуанышын тең көрейік!", делінген жазбада.