"Қонақ үйлерде орын жоқ". Димаштың концертін тамашалау үшін елордаға 10 мыңнан аса шетелдік келген

Қазақстанның Халық әртісі, ән әлемінің жарық жұлдызы Димаш Құдайбергеннің елордадағы концерті аншлагпен өтті. "Астана Арена" стадионы екі күн бойы көрерменге лық толды: 30 мың көрерменнің 10 мыңы шетелден арнайы келген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әлемге әйгілі өнерпаздың бірегей дауысын есту үшін жаһанның 80-нен астам елінен 10 мыңға тарта жанкүйер елордаға арнайы ат басын бұрған. Димаштың "Stranger" атты жеке концертін ұйымдастыруға 200-ден астам кәсіпқой маман атсалысты. Сонымен қатар 300-ден астам адамнан тұратын халықаралық өнерпаздар тобы өнер көрсетті. Олар Қытай, Ресей, Камерун, Гана, Уганда, Мексика секілді алыс-жақын елдерден келді. Димаш үш сағат бойы тек жанды дауыста ән шырқады, деп хабарлайды 24kz.

Шетелдік көрермендер пікір:

"Түркияның әдемі Ыстамбұл қаласынан келгенбіз. Астанаға екінші рет баруым. Ең алғашқы рет 2019 жылы Астана "Нұр-Сұлтан" болғанда Димаштың концерті болды. Сол концертке бардық. Енді екінші концертке келдік. Мен 2019-да Түркияға қайтқанда қазақ тіліне деген қызығушылығым ашылды. Солай үйрене бастадым. Димаштың әндері, сұхбаттары арқылы үйрендім". 

"Біз бүгінгі керемет кешке Канададан келіп отырмыз. Бұған дейін 2019 жылы Астанадағы және 2022 жылы Алматыдағы концертке келдім. Димаштың 10-15-ке жуық әнін білемін. Қазақ жігіті француз әнін орындағанда таңғалдым. Содан бері оның әндерін тыңдап келемін".

"Мен Испаниядан Димаш Құдайбергеннің концертіне арнайы келдім. Оның дауысы мен әнді орындау мәнері ерекше. Димаштың шығармашылығы жастардың бойында өнерге деген жаңа көзқарасты қалыптастырды деп айта аламын".


Астана
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: