Құқық қорғау органдары кезекті мәрте концерт билеттерін тек ресми сервистер арқылы сатып алуды ұсынды.
"Төлемнен кейін сатып алушы ваучер алады, ол 13 тамызда автоматты түрде бірегей QR-коды бар электронды билетке ауыстырылады. 13 тамызға дейін QR-коды бар дайын билет ешкімде болмайды. Сондықтан қолдан, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы "дайын билет" сату туралы ұсыныстар алаяқтық болуы мүмкін". Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі
Атап өтілгендей, билетті қайта сату да тек ресми тәртіппен жүзеге асырылады: бастапқы ваучердің күші жойылып, жаңа иесіне жаңа ваучер рәсімделеді.
"Бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз және ақпаратты тек ұйымдастырушылардың ресми арналары арқылы тексеріңіз".Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі
Айта кетейік, билеттердің ресми сатылымы шілде айының соңында басталған. Олардың бағасы 120 мыңнан 350 мың теңгеге дейін. Бұған қоса 10% көлемінде сервистік алым алынады.
Бұған дейін белгілі болғандай, үлкен концерт үшін ұйымдастырушылар Алматыға 100 тоннадан астам жабдық (шамамен 15 жүк көлігі) жеткізеді. Сахнаға турдың басқа да әлемдік шоуларында қолданылған алып айналмалы сфера орнатылады.