Шымкент хайуанаттар бағында сирек кездесетін жыланның 10 төлі дүниеге келді

Сурет: Zakon.kz/Лика Морозова
Шымкент хайуанаттар бағында сирек кездесетін оқиға болды. Мұнда соңғы 30 жылда алғаш рет ірі жылан түрі ұрпақ өрбітті. Жаңа туған 10 жылан әзірге келушілерге көрсетілмейді. Қызметкерлер олардың өсіп-жетілуін күн сайын бақылап отыр. Жылан төлдерінің қалай өсіп жатқанын Zakon.kz тарқатады.

"Нағыз ғажайып!" – деп Раиса Долгова бір-біріне оратылып, шамның астында жылынған кішкентай жыландарды сүйсіне көрсетеді.

Шымкент қалалық хайуанаттар бағында жалғанаяқтылар тұқымдасына жататын улы емес жыландар соңғы 30 жылда алғаш рет ұрпақ өрбітті. Жыланның төлдері тамыз айының соңында туған. Алайда хайуанаттар бағының қызметкерлері олар сәл өскеннен кейін ғана көпшілікке көрсетуді жөн көрген.

Сурет: Zakon.kz/Лика Морозова

"Төлдердің барлығы бірдей тіршілікке қабілетті болып туған жоқ. Себебі аналығы алғаш рет ұрпақ әкелді. Қазір террариумымызда бейімделу кезеңінен өтіп жатқан 10 жылан бар. Олардың басым бөлігі өздігінен қоректене алады. Ал екеу-үшеуі әлі күнге дейін біздің көмегімізсіз тамақ ішкен жоқ. Сондықтан әзірге оларды көрмеге шығармаймыз және келушілерге көрсетпейміз. Өйткені олар әлі кішкентай. Өсіп, ширауы керек. Оларды жаңа туған тышқандар мен егеуқұйрықтардың күшіктерімен қоректендіреміз. Әзірге ірі жемтікті жұта алмайды", – дейді хайуанаттар бағының қызметкері.

Бұл жылан түрі соңғы рет 1990 жылдардың басында ұрпақ өрбіткен. Содан бері бірнеше буын ауысып, қазіргі төлдердің дүниеге келуі хайуанаттар бағы үшін соңғы бірнеше онжылдықтағы ерекше оқиғаға айналды.

Жыландардың ата-анасы Шымкентке шетелден әкелінген. Аталығы Ресейден, ал аналығы Минск хайуанаттар бағынан жеткізілген.

"2026 жылдың басында ата-анасын бір террариумға орналастырдық. Олардың арасында өзара жақындық пайда болды. Мұндай жағдай бұл жылан түрінде сирек кездеспейді. Сөйтіп, біраз уақыттан кейін хайуанаттар бағында көптен күткен төлдер дүниеге келді. Бұл жыландардың ерекшелігі – төлдері аналығының ағзасында жұмыртқа қабығының ішінде дамып, дүниеге толық қалыптасқан күйде келеді", – дейді Раиса Долгова.

Хайуанаттар бағының қызметкерлері төрт айлық жыландардың өсуін мұқият бақылап отыр. Күн сайын олардың салмағы өлшеніп, ұзындығы тексеріледі. Кішкентай жыландар әбден жетіліп, өздігінен тіршілік етуге дайын болған кезде ғана хайуанаттар бағына келушілерге таныстырылады.

Қазақстан
Шымкент
Қызықты

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Жылусыз, сусыз бірақ алтынға бай: әлемдегі ең биік қалаға адамдар неге ағылып жатыр

ҰҚК "Самұрық-Қазына" АҚ және "ҚТЖ" ҰК" АҚ басшыларының ұсталғанын мәлімдеді

Абай облысында жоғалған ер адамның денесі бес күннен кейін иен даладан табылды

Оралда ерлі-зайыпты оқушы қызды зиратқа қарай күштеп алып кетпек болған

Қазақстанда жаңа мемлекеттік наградалар бекітілді: Тоқаев заңға қол қойды