Балалар арасында кездесетін қатерлі ісік дертінің алдын алу үшін нені білген жөн

Елордада жылына орта есеппен 38 баладан қатерлі ісік анықталады. Бұл деректі Нұр-Сұлтан қаласының онкогематологы Татьяна Саблина айтты, деп хабарлайды, Zakon.kz

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында жазылды.

15 ақпанда әлемнің көптеген елінде Халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні атап өтіледі. Ол науқас балалардың ата-аналары ұйымдарының халықаралық конфедерациясының бастамасымен өткізіліп келеді.

Мұндай қауіпті ауруға шалдықпас үшін уақытылы диагностикадан өту маңызды. Егер ауру ерте сатысында анықталса, онда жазылып шығу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болмақ. Бірақ көбінесе, қатерлі ісік өте кеш анықталады. Мұндайда емдеу өте қиын, тіпті ең жаманы өлімге әкеледі. Онкогематолог Татьяна Саблина

Дәрігердің айтуынша, бұл проблема әлі де өзекті, өйткені балалар мен ересектер арасында қатерлі ісік ауруы көбейіп жатыр. Елордада жылына орта есеппен 38 баладан қатерлі ісік анықталады.

Бүгінгі күні қала бойынша қатерлі ісік 187 баладан анықталып отыр. Бұл дерт негізінен 3-15 жас аралығындағы балаларда жиі кездеседі. Балалар арасында орталық жүйке жүйесінің ісіктері мен лимфобластикалық лейкемия жиі кездеседі – 70% жағдай.Татьяна Саблина

Елордалық дәрігер ата-аналардың назарын балалардың қатерлі ісік белгілеріне аудару керектігін айтты.

Егер баланың денесінде қандай да бір ісік пайда болса немесе сіз қандай да бір ісікті байқасаңыз, сол сияқты оның денсаулығы күтпеген жерден күрт нашарласа: безгек, құсу және бас ауруы, салмақтың азаюы болса, шұғыл медициналық көмекке жүгініп, тексеру жүргізу керек. Бұл қатерлі ісік ауруының белгілері болуы мүмкін.Онкогематолог Татьяна Саблина

Дәрігерлер баланың онкологиялық ауруын анықтау өте қиын екендігін айтады. Сондықтан ата-аналар балаларының денсаулығына өте мұқият болуы керек. Қатерлі ісік терапиясының тиімділігі уақытылы диагноз қоюмен тікелей байланысты екенін есте ұстаған жөн.

Нұр-Сұлтан Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: