Қалқанша безі адам ағзасында маңызды орын алады. Ол жүйке, эндокриндік, иммундық, жүрек-қантамыр, тыныс алу және тағы басқа адам ағзасының барлық жүйесінің жұмыс істеуіне әсер ететін гормондар шығарады. Қалқанша безінің гормондары иммун жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне жауап береді: ағзаның инфекциялармен күресуіне әсер ететін жасушаларын ынталандырады. Қалқанша безі сонымен қатар адамның көңіл-күйіне және сырт пішініне де ықпал етеді.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ жоғары санатты эндокринолог дәрігері, м.ғ.к. Лаура Даньярованың айтуынша, қалқанша безі жұмысының бұзылуы көбіне жасырын түрде басқа аурулардың белгілері түрінде болуы мүмкін. Қалқанша безі гормондарын шығарудың бұзылуы (гипофункция немесе гиперфункция) адамның барлық ағзасы мен жүйесінің жұмысына әсер етуі мүмкін.
Қалқанша безі гормондарының шығарылуы төмен болған жағдайда дене салмағының және холестерин құрамының артуы, әлсіздік, ұйқышылдық, тез шаршау, бет пен қол-аяқтың ісінуі, депрессиялық күйлер, ұйқы мен етеккір циклдарының бұзылуы, ер адамдардың жыныс потенциясының төмендеуімен байланысты. Терінің құрғақ болуы, тырнақтардың сынғыш, есте сақтау мен назар аудару қабілетінің төмендеуі тироидты дисфункцияның белгілері болуы мүмкін.Эндокринолог дәрігер Лаура Даньярова
Қалқанша безі гормондарының өнімі артық болған жағдайда тиреотоксикоз дамиды. Бұл ретте пациенттер жалпы әлсіздікке, дененің дірілдеуіне, ұйқысыздық пен тез ашушаңдыққа, артериялық қан қысымының жоғарылауына, жүрек жұмысының бұзылуына, тахикардияға шағымданады. Сонымен қатар тершеңдік, үлкен дәреттің жиіленуі, салмақты жоғалту секілді белгілер байқалады. Осындай симптомдар пайда болған жағдайда дереу эндокринолог дәрігерге қаралу қажет.
Мұндай аурулардың дамуында тұқым қуалаушылық, экологиялық факторлар мен тамақтану үлкен орын алады. Ағзада йодтың жетіспеушілігі, мырыш, марганец, селен және тағы басқа микроэлементтердің жетіспеушілігі қалқанша безі функциясының бұзылуына әкелуі мүмкін.
Ағзада йод тапшылығының болуы түрлі жастағы адамдарға әсер етеді. Бірақ оған әсіресе балалар, жасөспірімдер мен жүкті әйелдер осал келеді. Себебі оларда йодқа қажеттілік жоғары болады. Халықтың осы топтарында йодтың жетіспеушілігі бойдың өспеуі, физикалық және психикалық дамудың тежелуі секілді ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Ағзада йодтың орнын құрамында йод мөлшері мол өнімдерді (йодталған тұз, теңіз балдырлары, ақ етті теңіз балығы, жаңғақ, құрма және тағы басқа) және дәрі-дәрмектерді қабылдау (тек дәрігердің кеңесімен ғана) арқылы толтыруға болады.Эндокринолог
Алайда қалқанша безінің барлық ауруы йодтың тапшылығымен ғана байланысты емес, олардың дамуына басқа да себептер әсер етеді. Симптомдар пайда болған жағдайда эндокринолог дәрігерге қаралып, қалқанша безі гормондарының деңгейін тексерткен жөн. Қауіп тобына жататын тұлғалар (балалар, жасөспірімдер, жүкті әйелдер) тироидты статус скринингін жасату қажет, бұл ретте тек ТТГ (тиреотропты гормон) анықтау жеткілікті.
Жүйелі түрде медицина тексеруінен өту, ағзаны нығайту, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы зор. Бүгінде қалқанша безі ауруларының көбі емделеді. Ал кей жағдайларда оларды алдын алуға болады.Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ баспасөз қызметі