Алматыда таксистердің телефонын "алып қашатын" клиент ұсталды

Оның қала аумағында жекеменшік таксистерге қарсы жасаған 11 қылмыстық эпизоды ашылды.

Алматыда ұсталып қалған 29 жастағы жігіт Түріксіб ауданында жекеменшік таксистерге алаяқтық жасаумен айналысқан, деп хабарлайды Zakon.kz қаланың полиция депарматентіне сілтеме жасап.

- Тергеу күдіктінің таксистерге қатысты 11 қылмыстық эпизодын ашты. Ол такси тоқтатып, баратын жерін айтады. Жол бойы таксистпен әңгіме құрып, жеткен соң ақша төлейтін сәтте үйіндегілерге "ақша алып шық" деп айтайын деген желеумен таксистерден телефонын бере тұруды сұрайды. Бөтен адамның телефоны қолына түсе салысымен ол көліктен түсіп, белгісіз бағытта тайып тұрады. Кейін ол телефондарды сатып жібереді. Күдікті жасаған қылмыстарын мойындап отыр, – деп хабарлады Түріксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев.

Полиция күдіктіден зардап шеккендер болса, олардан 298-54-00; 298-54-01 немесе 298-54-02 телефон нөмірлеріне хабарласуын сұрайды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: