29 маусым күні Келешек кеңею жобасының Үшінші буын зауытының (ККЖ ҮБЗ) құрылыс алаңындағы жұмысшылар арасында қақтығыс орын алып, нәтижесінде мердігер ұйымдардың бірнеше қызметкері жарақат алды. ТШО клиникаларында 40-тан астам адамға медициналық жәрдем көрсетілді, деп хабарлайды Zakon.kz "Теңізшевройл" компаниясының сайтына сілтеме жасап.
Тиісті мемлекеттік органдар мен құқық қорғау қызметтеріне дер кезінде хабар беріліп, олар Теңіздегі барлық жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқиға орнына келіп жетті.
ТШО өндірістік жұмыстары қалыпты режимде жалғасуда. ККЖ ҮБЗ құрылыс алаңындағы жұмыстар уақытша кідіртілді; ТШО өндіріс жұмыстарын жақын арада бастайтын болады. ККЖ құрылыс алаңдарындағы басқа жұмыстар қалпына келтірілді.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен ТШО Бас директоры Имер Боннер Теңіз кенішіне барып, мердігер ұйымдардың басшылығымен, сондай-ақ Теңіздегі жұмысшылармен кездесті. Оқиғаның мән-жайын тергеу және ұсыныстар беру мақсатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов төрағалығымен ведомствоаралық комиссия құрылды. Аталмыш комиссияға ТШО да мүше ретінде қатысады.
30-маусым күні ҚР Энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов пен "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ төрағасының орынбасары, ТШО серіктестік кеңесінің төрағасы Жақып Марабаев жағдайды талқылау, ТШО-ның әрекеттер жоспарымен танысу және қолдау көрсету мақсатында ТШО басшылығымен кездесті.
Қазірде Теңіздегі жағдай тұрақты.
Өзара түсіністік – ТШО құндылықтарының бірі, әрі компания өз қызметкерлері мен мердігер ұйым жұмысшылары әр алуандыққа құрметпен қарап, дискриминацияның кез келген көрінісіне жол бермейді деп күтеді.