YouTube желісінде түрме қызметкерлерінің сотталғандарға күш қолданғаны туралы видео пайда болғаннан кейін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/8 мекемесіне (Заречный кенті) арнайы комиссия жіберілді. Қазіргі уақытта арнайы комиссия қызу жұмыс үстінде, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қызметтік тергеудің қортындысы бойынша осы мекеме мен Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 14 лауазымды тұлғасы тәртіпке тартылды. Оған қоса оспадарсыз әрекеті үшін ішкі істер органдарынан 7 қызметкер, оның ішінде 2 мекеме бастығының орынбасары жұмыстан қуылды. Бұдан бөлек Алматы облысының арнайы прокурорлар басқармасы ҚР Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық істерді тергеуді қолға алып, 7 қызметкерге қатысты тергеу изоляторына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады.
Оған қоса, тәртіпсіздік орын алған түзеу мекемесінің бастығы және Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары да қызметінен босатылды. Бұдан былай қылмыстық-атқарушы жүйе қызметкерлерінің заң бұзушылығына жол бермес үшін кешенді шаралар да қабылданып жатқанын баса айта кетейік", - деді министр Ерлан Тұрғымбаев.
Министр биылғы жылдың 24-25 сәуірінде Алматы облыстық ҚАЖ департаментінің ЛА155/14 мекемесінде тінту іс-шаралары фактісі бойынша жүргізілген қызметтік тексеруге де аз-кем тоқталды.
Оның айтуынша, тінту кезінде 30 ұялы телефон, 16 зарядтау құрылғысы, 3 құлаққап, 54 шаншу-кесетін заттар (бір рет қолданылатын станоктың жүзі – 34, тырнақ алғыш – 5, қайралған металл заттар – 6, қайшы - 9, 50 азаматтық үлгідегі заттар, қолдан жасалған 2 суқайнатқыш табылған. Осы фактілер бойынша қазіргі уақытта қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр екен.
"ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіннің Алматы облысы бойынша департаментіне сотталғандарды азаптау туралы түскен шағымдар бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тексеру кезінде осы оқиғаға қатысқан барлық тараптың іс-қимылына заң тұрғысында оң бағасы берілетін болады", – делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.