ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ухан қаласында жүзге жуық қазақстандық студент қалып қойғанын айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
- Ухань қаласында 230 қазақстандық студент оқиды. Бүгіндері қалада 98 студент қалған. Қалғандары демалыс күндері басталғандықтан Қазақстанға және басқа елдерге кетіп қалған, - дейді Смадияров.
Оның айтуынша, ондағы дипломаттар Ухандағы барлық студентпен байланыс орнатқан. Олар танымал мессенджерлер арқылы Ухан мен Қытайдың басқа қалаларында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайлар кезінде қабылдау қажет сақтық шаралары мен тәртіп ережелері туралы алдын ала хабардар етілген.
- Біздің студенттер оқитын ЖОО басшыларымен тікелей жұмыс байланыстары орнатылған. Сондай-ақ, Қазақстан елшілігі Хувей провинциясының Сыртқы істер басқармасымен байланысып, өзекті ақпарат алмасу және азаматтарымызды іздестіруге барынша көмек көрсету жөнінде келісімге қол жеткізді, - деді ол.
Айбек Смадияров атап өткендей, елшілікте бар ақпарат бойынша, Қытай аумағында анықталған коронавирустың жаңа түрінен туындаған ауруды жұқтырған науқастардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ.
Айта кетсек, Айбек Смадияров бұған дейін Қытайдағы коронавирусты 830 адам жұқтырып, 25 адам көз жұмғанын хабарлаған болатын.
- Карантиннің енгізілуіне байланысты Қытай аумағындағы біздің азаматтар үшін Бейжіңдегі Қазақстан елшілігі тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі ашты. Телефондарды елшіліктің веб-сайтынан немесе СІМ сайтынан қарауға болады. Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің және ҚР СІМ сайттарында жедел ақпаратты қадағалауға және жергілікті билік органдарының ұсыныстарын нақты ұстануға кеңес береміз, - деді Айбек Смадияров.