Жамбыл облысында дау шыққан аурухананың басшылық құрамы тегіс жұмыстан қуылды. Тексеру жүргізген арнайы комиссия екі дәрігердің жария еткен дерегін растап отыр. Сол олқылықтардың негізінде үш бірдей лауазым иесі жұмыстан босатылған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Жол берілген заң бұзушылықтар үшін аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Д. Нүсіпбаев, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ж. Шойбекова және бас есепші З. Мұқаева қызметінен қуылды. Бұл орайда Ж. Шойбекова мен З. Мұғаеваның туыстығы анықталды.
Соңғы екеудің бір-біріне туыс екені расталғанымен, бұлардың облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына жақындығы бар-жоғы айтылмады. Сондай-ақ, аталмыш басқарма жетекшісі Марат Жұманқұлов пен аудан әкімінің де мәселесін облыс әкімі майшаммен қарамақ. Себебі, шенділер ауруханадағы психологиялық ахуалдың ушығуына жол берген. Бір апта бұрын Меркі ауданындағы емдеу мекемісінің екі дәрігері бірінен-кейін бірі ондағы былықты ақтарған. Яғни, қауіпті вирустан қорғану құралдары жеткіліксіз деп дабыл қаққан. Тіпті, Толқынай Ордабаева соның кесірінен өзіне "вирус жұқтырдым" деген. Олардың дүрлігуі бекер болмады. Айтылған кемшіліктердің көбі расталған.