Алматыда қыз зорлау фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл мәліметті "Не молчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова желіде бөлісті.
- Алматыда жас қыз инстаграм арқылы бір жігітпен танысады, олар екі апта хат алысып жүреді, ақыры жігіт қызды кездесуге көндіреді. Жігіттің көлігімен алдымен гамбургер әзірлейтін орынға барады, содан соң Весновка өзеніне қарай тартады. Бастапқыда осылай бәрі жақсы басталған кездесу қыз үйге қайтқысы келгенде бүлінеді. Жігіт оны мұнда зорлау үшін алып келгенін ашық айтады. Сөйтіп ойға алған жаман пиғылын сол арада жүзеге асырады: ұрады, соғады, зорлайды. Содан соң қызды үйіне апарып тастамақ болады. Розыбакиев көшесімен келе жатқанда зар жылаған қызбен тағы ұрсысып, сол маңдағы құрылыс алаңына қарай көлігін бұрады. Сол арада қызды тағы зорлап, мұны ешкімге айтпауын талап етеді. Әйтпесе осылай өлтіремін деп төрт рет тұншықтырады. Одан соң, полицияға шағымданған жағдайда өзіне түк болмайтынын, сондықтан қайта айналып келіп қыздың жанын жаһаннамға жіберуге уәде береді. Қаскөй жігіт әкесінің бұрынғы полиция қызметкері екенін, өзін осындай жағдайдан екі рет алып қалғанын, ал ағасы прокуратурада жұмыс істейтінін айтқан, - деп жазды Смайылова.
Жігіт дәрет сындыруға шыққан кезде қыз қашып үлгерген.
Жәбірленуші жігіт үстінен полицияға арыз жазды. Смайылованың айтуынша, күдікті қазір бостандықта жүр.
- Алматы қалалық полиция басқармасы бұл факті бойынша қазіргі уақытта Бостандық аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы бойынша тергеу жүргізіп жатқанын хабарлайды. Күдікті ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық істі тергеу шеңберінде бірқатар сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сондай-ақ толықтығы, объективтілігі және кешенділігі қағидаларын сақтай отырып жүзеге асырылатынына назар аударыңыз. Тергеу барысы Алматы қаласы ПД басшылығының бақылауында, деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.