2019 жылы Тұрсынбек Қабатовқа тиесілі көлік кісі қағып, мерт қылған. Осы жайтқа қатысты өнер адамы түсініктеме беріп, желіде видео орналастырды, деп хабарлайды zakon.kz.
"Бұл жағдайды өз аузымнан естігендеріңіз жөн болады деп ойлаймын. Ақпарат тарап жатқан соң үндемей отыра алмадым. Алла-Тағалла куә, мен бұл істің басы-қасында болған емеспін. Бұл бір жыл бұрын, 2019 жылдың қазан айында болған жайт. Ол менің көмекшім, бір жерлерде жүргізушісі деп жазыпты, шындығында менің жүргізушім жоқ. Жанымда жүрген музыкантым кешкісін менен көлік сұрады. Бір жерге барып келуім керек еді деді. Арты бұлай болатынын қайдан білейін. Оның қолында жүргізуші куәлігі болғанын бұрын көргенмін, бірақ одан айырылғаны жайлы білмейді екенмін. Ол да маған мұны айтқан жоқ. Өзінің де көлігі болған, сол уақытта сынып қалса керек.Сұраған соң, ойымда ештеңе жоқ кілтті бере салдым. Жігіттер жағы мұның жайын түсінеді. Достары келіп жатса еш ойланбайтынымызды.Артынан естідім, Қарағанды трассасында анандай жағдай болды дейді. Төбемнен жай түскендей болды. Оңай болған жоқ. Сұрастыра келе, марқұм өзі кінәлі екенін, кішкене ішкенін естідім. Жолға жүгіріп шыққан деп жатыр. Қазір мен марқұмның артынан жаман ештеңе айтқым келіп тұрғаным жоқ. Оның барлығы істе тіркелген, куәгерлері бар екен. Содан әлгі жігітке: "Қолыңмен істеген нәрсеңді мойныңмен көтер, мен ештеңеге араласпаймын" дедім. Біреулер "Тұрсынбек шешіп тастады, ақша берді" деп жатыр. Мен бұл істе ешкімге хабарласқан емеспін. Оған ешқандай қатысым жоқ. Кілтті бергенім рас, бірақ оның жүргізуші куәлігі жоқ екенін білмеппін, Құдай куә. Әртүрлі ақпарат тарап жатқан соң өз көзқарасымды білдіру азаматтық парызым деп ойлап, жағдайды түсіндіріп жатырмын. "Көлік сенікі ғой, кешірім сұра" деп жатса, мен барша алдында кешірім де сұраймын, бірақ мен ол көліктің ішінде болған жоқпын", - дейді видеода Қабатов.
Тақырыпқа орай: Кісі қаққан көлік Тұрсынбек Қабатовқа тиесілі болып шықты