Ақтөбе облысында тірі қалған жалғыз кенші қайғылы оқиға күні не болғанын айтып берді

Түткішесіз тыныс алу мүмкіндігі пайда болған кезде жігіттерді іздеуді жөн көрдім. Шамамен 50 немесе 60 метр жүрген шығармын, содан төртеуінің де жерде жатқан жерінен таптым.

30 желтоқсанда кешке Ақтөбе облысындағы "Весенняя Аралчинская" шахтасында "Ақтөбе мыс компаниясының" төрт жұмысшысы қаза тапты. Алдын ала дерек бойынша, зардап шеккендер күкіртті сутектен уланған. Сол күні жарылыс жұмыстарын жүргізген бесеудің тек біреуі аман қалған. Ол басынан өткен және өз көзімен көрген оқиғаны баяндап берді, деп хабарлайды zakon.kz.

Марқұмдардың денесі келесі күні таңертеңгі сағат 05: 30-да ғана жоғары қабатқа шығарылды, шахтада желдету жұмыстары жүргізілді.


- Әдетте, жарылыстан кейін жарылыс толқыны пайда болады, бірақ ол кезде ауаға зиянды газ бөлінбейді. Біз жарылыс жасап, көлікке отырдық, сөйтіп жоғарыға көтерілдік. Көлікпен жарылғыш заттарды тасиды, ал артында адамдарға арналған кабина бар. Бұл жолы жарылыстан кейін қою ақ тұман пайда болды. Мүмкін 20 см-ге дейін бірдеме көрінетін шығар, ал ары қарай, айнала әппақ. Біз көлікке отырып үлгердік, ол алға жылжып бара жатты, бірақ айналада ештеңе көрінбейді. Біз тұншыға бастадық, қолымызға ауа беретін құтқарушы құралды алдық, - дейді бұл оқиға туралы тірі қалған жалғыз жарылыс жүргізуші жұмысшы Қанат Абдуллаев "Диапазон" басылымына берген сұқбатында.

Содан кейін машина тоқтап қалған, сол кезде барлығы жерге түсіп, жоғарыға жүгіре жөнеледі.

- Мен: "Тоқта, артқа" деп айқайладым, бірақ газ жұтып үлгердім, бірден жерге отыра кетіп, құтқарушы құралмен демала бастадым, сөйтіп сол арада қалып кеттім. Біраз уақыттан кейін тұман сейіліп, жоғарыға көтеріле бастады. Мен 20-40 минут отырған шығармын. Түткішесіз тыныс алу мүмкіндігі пайда болған кезде жігіттерді іздеуді жөн көрдім. Шамамен 50 немесе 60 метр жүрген шығармын, содан төртеуінің де жерде жатқан жерінен таптым. Біреуі құтқарушы құралды түсіріп алыпты, ал екеуінің аузында түтікше болды, үшіншісінің ол қолында екен. Әрине, уланып қалған. Жалпы, құтқарушы құрылғыдағы ауа 2 сағат 40 минутқа дейін жетеді, ең бастысы оны пайдаланып үлгеру керек. Сол күні не болды, тұман қайдан шықты, оны білмеймін. Мұндай ешқашан болған емес. Мүмкін желдету (вентилация) аппаратында бірдеңе болған шығар. Мен AMK-де жарылысшы ретінде бір жыл жұмыс істедім, оған дейін ДГОК-да жұмыс істедім, жарылыс жұмысы бойынша жалпы 32 жыл еңбек өтілім бар, - дейді ол.

Еңбек инспекциясы бөлімінің хабарлауынша, AMK қызметкерлерінің өлімінің алдын-ала себебі - белгісіз газбен улану. Шахтадағы барлық жұмыс тоқтатылды. Іс "абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыратын еңбекті қорғау ережелерін бұзу" бабы бойынша қозғалған. Тергеу жүріп жатыр, сонымен қатар кәсіпорында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон министрлігі комитетінің комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Қызметкерлердің ұсынысы бойынша оның құрамына еңбек ұжымының өкілдері де енді.

Марқұмдардың отбасыларына жерлеуге 2 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, әр отбасыға 20 миллион теңге көлемінде бір реттік көмек ақша ұсынылды, марқұмдардың отбасыларына баспана сатып алу, балалардың кенжесі кәмелетке толғанға дейін жалақыны сақтау, жоғары оқу орындарында балаларды оқытуға қолдау көрсету сынды көмек ұсынылды. Әзірге, марқұмдардың отбасы бұл ұсыныстарға қатысты әлі жауап бермеген. Тірі қалған жұмысшының еміне 5 миллион теңге бөлу мәселесі шешіліп жатыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: