Қарағанды жұрты бір орында орын алған екі кісі өлімінің жайын қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.
Patriotkaragandy парақшасында жазылғандай, 8 маусымда фирма экспедиторы Горняк базарында қайтыс болды.
Ресми емес мәліметтерге сәйкес, экспедитор тауарларды әлеуметтік павильонға кіргізіп, баспалдақпен төмен түсіп келе жатқанда темір жақтаудан ұстанған. Осы темір жақтаудан ток соққан көрінеді. Ток қандай жағдайда соққаны тексеріліп жатыр. Дәрігерлер ер адамның өлімінің ресми себебін ашып айтқан жоқ. Жас жігіттің артында екі баласы жетім қалды. Марқұм Ұлан Шайкенов 32 жаста еді, делінген instagram парақшасында.
Қарағанды қаласының әкімдігі ток соққаннан адам мерт болды деген ақпарат сенімсіз екенін айтты. Олардың және полицияның айтуынша, кісі өлімнің алдын-ала себебі денсаулығымен тығыз байланысты.
Өлімнің алдын-ала нұсқасы - адамның денсаулығының күрт нашарлауы. Аталған факт бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Көпшіліктен мерзімінен бұрын қорытынды жасамауды және тексерілмеген ақпаратты таратпауды сұраймыз, - деп атап өтті Қарағанды қаласының әкімдігіндегілер.
Сондай-ақ Қарағанды қаласының әкімдігі бүгіндері әлеуметтік павильон ("Шахтер" аялдамасы) ауданында ешқандай жұмыс жүргізіліп жатпағанын, кабельді бүлдіру фактілері тіркелмегенін хабарлады. Павильонның жанында электр кабельдері табылған жоқ.
Кейінірек тура осы арада орын алған бұл бірінші жазатайым оқиға емес екені белгілі болды. Куәгерлердің айтуынша, бір әйел 6 маусымда сол жерде кенеттен қайтыс болған.
Шынында да, 6 маусымда сол аумақтан 36 жастағы әйелдің денесі табылды. Оның өлімінің себебі - жүрек ауруы - "кеңейтілген кардиомиопатия", - деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.