Түркістан облысында 1 күнде бес жезөкше қыз ұсталды

Полицейлер жезөкшелікпен айналысты деген күдікпен 5 азаматшаны және 3 жеңгетайды анықтады.

Ағымдағы жылдың 16 маусымы мен 18 маусымы аралығында, яғни 2 күн ішінде Түркістан облысы ПД-ның полицейлері "Стоп-трафик" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуді қолға алды. Бұл шараның басты мақсаты – жеңгетайлыққа, адам саудасына және басқа да құқықбұзушылықтарға қатысты қылмыстарды ашу, алдын-алу және ескерту, деп хабарлайды zakon.kz ТО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша жедел жүргізілген профилактикалық іс-шара барысында полицейлер моншалар мен қонақ үйлерді, ойын-сауық ғимараттарын және тағы да басқа жезөкшелер мен притондардың болуы ықтимал деген орындарын басты назарға алып, тексерісті күшейтті.

Облыс бойынша Криминалды полиция басқармасының арнайы тәжірибелі қызметкерлерінен топ құрылып, тексеру ауқымын арттырды.

Нәтижесінде полицейлер небары 1 күннің өзінде облыс аумағынан жезөкшелікпен айналысқан 5 азаматша мен жеңгетайлықтың 3 жайтын анықтады.

Мәселен 16 маусым күні полицейлер Түркістан облысындағы қонақүйлерді жіті тексерді.

Яғни Сарыағаш қаласындағы қонақүйлердің бірінде жезөкшелікпен айналысқан 2 Өзбекстан Республикасының азаматшасын және бір жеңгетайды ұстады.

Сондай-ақ дәл осы күні Сайрам мен Жетісай аудандарындағы жергілікті қонақүйлердің ішінен жезөкшелікпен айналысқан 3 жеңіл жүрісті азаматшаны және жеңгетай болған 2 аудан тұрғынын ұстады.

Бүгінгі таңда 1 күнде анықталған 3 жеңгетайлық жайтына байланысты ҚР ҚК-нің 309-бабы "Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. "Стоп-трафик" іс-шарасы жалғасуда.

Түркістан облысының полицейлері ескертеді: егер де сіз адам саудасына қатысты қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, қандай-да бір ақпарат білсеңіз, "102" телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: