Текеліде көпқабатты үйдің сылағы сылынып түсті

Жөндеуге бюджеттен 3,7 млн теңге қаржы жұмсалған болатын.

Текеліде қатты желдің күшіне шыдамаған көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы сылағы сылынып түсті. Әйтеуір, ешкім зардап шекпеген. Осылайша, бірер жыл бұрын жасалған жөндеу жұмыстарының сапасы қайта сыр беріп жатқан көрінеді. Өйткені, 2009-жылы қолданысқа берілген баспананың сыртқы қасбеті 2018 жылы ғана ретке келтірілген екен. Оған бюджеттен 3,7 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Тұрғындар да үйіміздің сырты осыған дейінгідей сұрықсыз болып, қанша тұрар екен деп алаңдаулы, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

Анжела Карпенко:

Егер балалар ойнап жүрген кезде құласа не болар еді?! Оған кім жауап береді?! Бұл бірінші рет емес. Бұған дейін де осылай сырты түскен болатын. Әйтеуір, айтып, жүріп, әрең дегенде жасатқанбыз. Енді, міне, тағы құлап түсіп жатыр. Сапасы жоқ. Гипсокартон салып, сыртын сылай салған. Жаңбыр жауғанда дымқылданып, жел соққан сайын ұшып түсе бере ме? Жөндесе, сылағын бір-ақ алып тастап, қайта жасау керек.

Бұл үй коммуналдық баспана болғандықтан, сыртқы қасбетін жергілікті әкімдік жөндейді. Сондықтан, қазір тиісті шаруалар атқарылуда. Тұрғын үйдің айналасын тазартып, сылақтың үгінділерін сыртқа шығарған екен. Енді, жөндеу жұмыстарына қайта қаржы бөлінбек екен. Өйткені, мердігер ұсынған екі жылдық кепілдік мерзімі былтыр өтіп кеткен.

Аян Рысбеков, Текелі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Қатты жел болғаннан кейін, сыртқы фасадының штукатуркасы құлап қалған. Комиссия шығып, кемшіліктерді анықтап, дефектнй акт жасалынып, енді, сметалық есеп дайындалады. Содан кейін кезекті сессия отырысында қаралады. Қаражат бөлінгеннен кейін тендер арқылы мердігер анықталады. Содан кейін жұмыстар жүргізіледі. Биыл жасаймыз оны.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: