Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қайғылы жағдайда қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларымен кездесті, деп хабарлайды zakon.kz.
Кездесу барысында қала әкімі тағы да қаралы отбасыларға көңіл айтып, марқұмдардың жұбайларына пәтер кілтін табыстады. Алматы әкімдігінің бұл бастамасы сот шешімін іске асырып, қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының отбасыларына қолдау көрсету мақсатында қабылданды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция майоры Сүлеев Дархан Дауылбайұлы, 1982 жылы туған, ҚР ІІМ Алматы Академиясының Магистратурасын бітіргеннен кейін 2003 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет етті. 2021 жылдың тамызында учаскелік инспектор лауазымына тағайындалған еді. ІІО қызмет еткен жылдар ішінде ол 6 марапатқа ие болды, оның ішінде “Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін” 3-дәрежелі медалімен, сондай-ақ, “Қазақстан полициясына 25 жыл” төсбелгісімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған бес баласы бар. Кішісі төртте, үлкені - 16 жаста.
Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция капитаны Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы, 1988 жылы туған, ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет еткен. Ол 13 марапатқа ие болды, оның ішінде “Үздік құтқарушы жауынгер” және “Қазақстан полициясына 25 жыл” төсбелгілерімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған бес және жеті жастағы екі баласы бар.
Екі марқұмның да жеке басында өз үйі болмаған.
Айта кетсек, 20 қыркүйекте Алматының Алатау ауданындағы "Ақбұлақ" ықшам ауданында 1967 жылғы ер адам сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторларына және бейбіт тұрғындарға оқ жаудырды. Бес адам қаза тапты - екі полиция қызметкері, бір сот орындаушысы, үйдің жаңа қожайыны мен оның өкілі. ҚР Қылмыстық кодексінің "Кісі өлтіру" және "Билік өкіліне шабуыл жасау" баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.