Түркістан облысы полиция департаменті таратқан мәлімет бойынша, полицияға арызданушы әйел 2022 жылғы шілде айында ұялы телефонына "компания қызметкерімін" деп таныстырған бейтаныс адам KIA K5 маркалы көлік ұтқанын хабарлағанын айтты. Алаяқ тұрғыннан жаңа көлікті иемдену үшін ақша сұраған. Ал алаяқтың сөзіне сенген жәбірленуші оған 8 миллион теңгеден астам ақша берген.
"Аталған жайт Ордабасы аудандық полиция бөліміне ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша тіркеуге алынды. Хабар алысымен қылмыскерлерді құрықтауда полицейлер іске кірісті. Іздестіру шараларын үздіксіз жүргізді. Нәтижесінде осы іске қатысы бар сезіктілердің жеке басы анықталды. Олар жұмыссыз Қызылорда облысының тұрғындары болып шықты"Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі
Ведомствоның мәліметінше, күдікті жас жігіттер досының банктік есепшотын иесіне білдірмей қолданған. Алдап алған ақшаны сол есепшотқа аудартып, пайдаланған.
Қазіргі уақытта ұсталғандар қамауда.