Петропавлда интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы тіркелді

СҚО полицейлері облыс тұрғындарына желілік алаяқтардың жаңа айласы туралы ескертеді. Ол негізінен егде жастағы адамдарға бағытталған.

“Банктерден шалынатын қоңыраулар” сияқты осы алдаудың түріне де бірден бірнеше “актерлер” қатысады. 67 жастағы қала тұрғыны дәл осындай алаяқтардың құрбаны болды. Алдымен оған өзін Әділет департаментінің заңгерімін деп таныстырған әйел қоңырау шалып, байланыстың нашарлығына шағымданып, WhatsApp арқылы сөйлесуді жалғастыруды ұсынды.

Содан кейін тұтқаның арғы жағындағы “заңгер” зейнеткерден қан қысымына қарсы дәрілерді жаздыра алғаны немесе алмағандығы туралы сұрақ қойған. Зейнеткерден оң жауап алған соң осы препаратты жеткізумен айналысқан белгілі бір компания әшкереленгенін және оны пайдаланғандардың барлығына үлкен өтемақы қарастырылғанын айтқан.

Келесі болып жәбірленушіге “қаржыгер” мен “қазынашы” хабарласыпты. Өтемақы алу үшін олар әйелді сақтандыру, тексеру және транзакция секілді операциялардың ақысын төлеу керек деп сендірген. Қала тұрғыны өзінің жеке жинаған қаржысын пайдаланып, таныстарынан қарызға ақша алып, қылмыскерлерге 69 800 теңге, 190 мың және 270 мың теңге аударған.

Алаяқтар мұнымен тоқтамай, өтемақы сомасы ұлғайғанын айтып, тағы 310 мың теңге сұратқан.


"Жәбірленуші таныс құрбысынан қаражат сұраған сәтте ол алаяқтардың осындай қулықтары туралы бұрын естігенін, дереу полицияға жүгіну керектігін айтқан. Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Облыс тұрғындарынан қарт туыстарына интернет-алаяқтықтың қаупін түсіндіруді сұраймыз. Бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеңіздер. Егер қаржымен байланысты сұрақтар қоя бастаса, алынған ақпаратты дереу ресми арналар арқылы бірнеше мәрте тексеріңіздер. Әңгіме барысында атаулары аталған ұйымдарға қоңырау шалыңыз және мұндай қызметкерлердің шынымен жұмыс істейтіндігін, қоңырау шалушылар сілтеме жасаған акциялар өткізіліп жатқанын тексеріңіз, – деді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев."


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: