Полицейлер Дикий Арманның ұйымдасқан қылмыстық тобын әшкерелеу үшін үш арнайы операция жүргізді

"Дикий Арман" тобын ыдырату және жою мақсатында полиция алты қалада арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бірінші кезең халықаралық іздеуде жүрген, қылмыстық ортада "Нойс" деген лақап атымен белгілі Жұмагелдиевтің "оң қолы" басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі криминалдық буынын жоюға бағытталды, деп мәлімдеді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

"19 сәуірде Алматы қаласының, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде 2018 жылы Алматыда орын алған адам өлтіруге оқталуға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталды", – дейді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Екінші кезеңде криминалдық ортада "Карась" лақап атымен белгілі "Дикий Арманның" тағы бір көмекшісі бақылайтын ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыру арнасы жойылды. 25-26 сәуір аралығында Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында 130-дан астам тінту жүргізіліп, заңсыз ойын бизнесіне және аталған ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыруға қатысы бар 53 адам ұсталды.

"Осы жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және оны басқарғаны үшін Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша екі қылмыстық іс тіркелді".Қуандық Алпыс

Бұған қоса мамыр айында қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 266-бабымен қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

12 шілдеде  Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай және Түркістан қалаларында "қаңтар оқиғасы" кезінде Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан 18 адамды ұстады. 36 тінту іс-шарасы жүргізіліп, бірнеше шолақ қару, тапаншалар, пышақтар, кастет, діни әдебиет, сондай-ақ тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілердің киімдері тәркіленді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: