Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 20 шілде күні таратқан ақпаратына сүйенсек, білім беру саласындағы заңнаманы сақтау мәселелерін анықтауға Жемқорлық тәуекелдерінің картасы көмектескен. Бұл туралы Агенттік төрағасы Асхат Жұмағали жарты жылдың қорытындысына арналған алқа отырысында айтты.
Ведомство басшысының айтуынша, картаны іске асыру кезінде жемқорлық тәуекелдеріне білім беру саласында сыртқы талдаулар жүргізілген. Бұған қоса ол Антикор үшін жемқорлық көріністерін жоюда негізгі алдын алу құралдарын пайдалану басымдыққа ие екенін атап өтті.
"Біз үшін "адам орталықтылығы" қағидаты басымдыққа ие. Мемлекеттік органдар азаматтардың өмірін жақсартуға баса назар аударуы тиіс. Осыған сүйене отырып, Агенттік жұмыстағы тәсілдерді түбегейлі қайта қарады. Жемқорлық тәуекелдерінің карталары басты бағдар болды", – деп атап өтті Асхат Жұмағали.
Агенттіктің интеграцияланған талдауды пайдалануы жемқорлық схемаларын ішінен егжей-тегжейлі зерделеуге мүмкіндік берді, соның арқасында бүкіл республика бойынша жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау шеңберінде білім беру саласындағы тұтас қылмыстық схемалар ашылды. Алматы, Шымкент және Талдықорған қалаларының, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының білім беру саласындағы лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер тергелуде.Осылайша, мектеп директорлары мен бухгалтерлері бухгалтерлік есеп жүйелерін қазынашылықпен және басқа мәліметтер базасымен интеграциялаудың жоқтығын пайдаланып, бюджет қаражатын жымқырған.
"Бүгінгі таңда еліміз бойынша алдын ала 7,9 млрд теңге шығынмен білім беру саласында 102 қылмыстық іс тіркелген", – делінген хабарламада.
Ақмола облысындағы балабақша мен мектеп есепшілері 83 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдікке ілінген еді.