"Желіден бұл жазбаларды көргенде бірден реакция болды. Менің бірінші орынбасарым сол жаққа аттанды. Біз қызметтік тексеру жүргіздік, ішкі қауіпсіздік бөлімі арқылы материалдарды прокурорға бердік. 11 адамның қатысы болған, оның тоғызы дереу жұмыстан босатылды, екеуі сырқатына байланысты демалыста, бірақ оралған соң олар да жұмыстан босатылады. Осы мекеменің басшысы мен орынбасары да қызметтерінен босатылды. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысы қызметінен босатуға ұсынылды, ал оның орынбасары бүгін босатылды". Жанат Ешмағамбетов
Ол қылмыстық-атқару жүйесінің өкілдері жазбаны мұқият қарап шығып, сотталушы соншалық қарсылық көрсетпегендіктен колония қызметкерлері өкілеттігін асыра пайдаланды деген қорытындыға келгенін атап өтті.
"Ерегіскен, заң талаптарын орындамаған. Мұндай жағдайларда арнайы құралдар қолданылмайды. Біздің ойымызша, оның әрекетін бейнетіркегішке түсіріп, хаттама толтырып, тәртіптік камераға отырғызу туралы қаулы шығару керек еді", - деп түсіндірді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы.
Оның айтуынша, Қылмыстық-атқару кодексінде әрбір сотталған адам колония аумағында аптасына екі сағат тегін абаттандыру жұмыстарын жүргізуге, оның ішінде үй-жайларды сырлауға және жөндеуге міндеттейтін бап бар. Бұл жуынатын бөлмеге де қатысты. Жұмыстан бас тарту – тәртіпті қасақана бұзу, ол тәртіптік камераға отырғызу арқылы жазаланады. Тұтқындар жұмыс түрін таңдай алмайды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Атбасардағы колония қызметкерлері тұтқындардың бірін әжетхана тазалаудан бас тартқаны үшін резеңке таяқпен ұрып-соққанын көрсететін видео тараған еді.