Қазақстанда 4 айда 820 есірткі қылмысы анықталған

Ішкі істер министрлігі жыл сайын маусым-қазан айларында жабайы қарасораның өсіп-жетілуі кезеңінде "Қарасора" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді. 1 маусымнан бері аталған шара барысында 820 есірткі қылмысы анықталды.

6 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылып, олардың жетекшілері мен 54 қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан 32 тонна есірткі тәркіленді, оның ішінде: 5,3 тоннаға жуық марихуана, 476 келіге жуық гашиш, 241 келіден астам "синтетика" және 62 келіден астам героин.

Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстарында қарасора өсірілген 65 плантация анықталды. Олардың жалпы аумағы 10 гектардан асты. Бұл ретте салмағы 20 тоннадан асатын 70 мыңнан астам қарасора бұталары тәркіленіп, жойылды. Мұндай есірткі өсімдіктерін анықтау үшін полицейлер Ұлттық ұланның тікұшақтарын пайдаланып, "Бүркіт" арнайы жасағының қызметкерлерін жұмылдырады.

Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан және Ұлытау облыстарының аумағында 150 мың шаршы шақырымнан асатын жер тексерілді. Жалпы 70 рет әуеден барлау жүргізілді. Есірткі өсімдіктерін анықтау үшін "Қазақстан Ғарыш сапары" АҚ ғарыштық спутниктері арқылы жер беті қашықтықтан тексеріліп, нәтижесінде ықтимал есірткі плантацияларының 60 географиялық координаттары полицияға берілді.

Қазір оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: