Egovpress Telegram арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Отырар ауданында педофил ұсталды. Тұрғындардың айтуынша, ол балабақшада жұмыс істеген.
"Оның әрекетінен бірнеше бала зардап шеккен", – делінген хабарламада.
Zakon.kz редакциясы ресми түсініктеме алу үшін облыстық полиция департаментіне хабарласты.
"Түркістан облысының полиция қызметкерлері екі жергілікті тұрғынның кәмелетке толмаған қыздарына 33 жастағы ауылдасының заңсыз әрекет жасағаны туралы арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр". Түркістан облысы бойынша ПД басшысы Мұрат Қабденов
Оның тапсырмасы бойынша арнайы тергеу-жедел тобы құрылды.
"Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 120-бабының 4-бөлігі – "Зорлау" бойынша қылмыстық іс қозғалып, мән-жайды анықтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Жедел іздестіру шаралары барысында қылмыс жасады деген күдікпен Отырар ауданының тұрғыны ұсталды. Ер адам кінәсін мойындады". Мұрат Қабденов
Облыстық полиция департаментінің басшысы істі тергеу барысын жеке бақылауына алғанын айтты.
"Мұндай фактілер міндетті түрде жіті бақылауда болады, сондықтан сабыр сақтап, заң аясында тергеудің нәтижесін күтулеріңізді сұраймын", – деді Мұрат Қабденов облыс тұрғындарына қарата.