Жамбыл облысында оқушылардың жаппай улануына байланысты тергеу басталды

2023 жылы 7 қарашада Жамбыл облысының Байзақ аудандық орталық ауруханасына Н.Киікбаев атындағы орта мектептің 44 оқушысы мен екі мұғалімі улану белгілерімен келіп түсті, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Бүгін, 8 қарашада ауруханада 33 оқушы мен екі мұғалім жатыр.  Орталық аудандық аурухананың (ОАА) бас дәрігері Жандос Рысқұловтың айтуынша, олардың барлығына "тамақтан улану, жіті ішек инфекциялары" деген алдын ала диагноз қойылған.

"Олар келіп түскендегі ауру белгілері - жүрек айну, құсу, іштің өтуі, дене қызуының көтерілуі. Барлығына "жіті ішек инфекциялары" диагнозы қойылды. Науқастар диагностикалық хаттамаларға сәйкес ем алады. Атап айтқанда, удың бетін қайтаратын, дене қызуын түсіретін препараттар беріліп, сонымен қатар белсенді бақылауда болуда. Бүгінгі таңда барлық баланың жағдайы қанағаттанарлық жағдайда, ерекше шағымдар жоқ", - деді ОАА бас дәрігері.

Сонымен қатар, Жандос Рысқұловтың айтуынша, мобильді бригадалар ұйымдастырылды, оған жалпы практика дәрігерлері, учаскелік медбикелер, сондай-ақ мұғалімдер кіреді. Олар үй-үйді аралап шықты. Бас дәрігердің айтуынша, үй жағдайында 350 бала қаралды, олардың 11-інен тамақтан уланудың жеңіл-желпі белгілері анықталды. Оларға амбулаториялық жағдайда көмек көрсетілді. Бас дәрігердің айтуынша, олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады.

"Емделіп жатқан көптеген баланы ата-аналары үйге шығаруын сұрауда, бірақ біз оларды жібермейміз. Хаттама бойынша емдеу курсы - 5-7 күн. Алынған анализдер мен диагноздар жіті қадағалауда, олардың нәтижелері 5-7 күнде дайын болады. Бұл - 7-ден 10 жасқа дейінгі, яғни бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейінгі балалар", – деді бас дәрігер.

Жандос Рысқұлов сол күні мектеп асханасынан 463 бала тамақтанғанын айтты. Оның айтуынша, кеше ауруханада артық жүктеме болмаған, сондықтан астан ұшынған балаларды орналастыру үшін қосымша орындар ашудың қажеттілігі туындамаған. 

Стационарға кіруге тыйым салынған, өйткені медициналық мекемеде қызылша бойынша карантин жарияланған. Тиісінше, астан уланған балалар ата-аналарымен кездесе алмайды. 

Білім саласына жетекшілік ететін Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Талғат Жамалов астан ұшынған алғашқы бала 7 қарашада сағат 12.45-те ауруханаға түскенін айтты. Оның айтуынша, аталған мектеп-гимназияны ыстық тамақпен қамтамасыз ететін жеке кәсіпкер Байзақ ауданының тағы 12 мектебінің оқушыларына да қызмет көрсетеді. 

"Бірақ балалардың өзін жайсыз сезінуі тек осы мектепте ғана анықталған. Дегенмен олардың (мердігердің - авт.) айтуы бойынша, барлық мектеп үшін бір жерден бідей өнімдер сатып алынады. Байзақ ауданы бойынша барлық мектептің ас мәзірі де бірдей: тауық етінен әзірленген палау, қызанақ, компот және печенье", - деді аудан әкімінің орынбасары.

Кеше, 7 қарашада осындағы тағам сынамалары сараптама үшін алынды, - деді шенеунік. Сондай-ақ, балалар да тиісті тексерулерден өтіп, талдау үшін қажетті материалдарды тапсырды.

"Бұл мектепте мердігердің жұмысы тоқтатылды. Менің білуімше, прокуратура 304-бап бойынша қылмыстық іс қозғады ("Санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" - Zakon.kz ред). Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін және тергеу аяқталғаннан кейін жеке кәсіпкерге қатысты нақты қандай шешім қабылданатыны белгілі болады, арадағы шарт бұзылады ма немесе тағы басқа шара қабылданады ма дегендей. Тапсырыс беруші аудандық білім бөлімі болып табылады", - деді әкім орынбасары.

Жамбыл облысы полиция департаменті де әкім орынбасарының сөздері растады.

"Аталған фактіге сәйкес, ҚР ҚК 304-бабы, 1-бөлігі ("Адамдардың жаппай ауруға шалдығуына немесе улануына әкеліп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деп хабарлады ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Мектеп бөгде адамдарды ішке кіргізбейді. Директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Алтынбек Дархан бұл басшылықтың талабы екенін айтты. Оның айтуынша, мектепте де уланудың себептерін білмейді. Ол азық-түлік сынамаларын алу үшін мамандар, сондай-ақ полиция мен санитарлық эпидемиологтар мектепке келіп-кеткенін айтты.

"Бүгін асхана жабық. Біз ата-аналарға балалардың өздерімен бірге тамақ пен сусын әкелуіне болатынын айттық. Ертең асхана жұмыс істейді ме, жоқ па, біз оны әлі білмейміз. Қазір нұсқаулық күтіп отырмыз. Әзірге балалар осылай тамақтана тұрады", - деді мектеп директорының орынбасары.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі басшылықтың нұсқауы бойынша комиссия құрылғанын хабарлады.

"Байзақ ауданының орталық аудандық ауруханасына жатқызылған 35 адамның жағдайы орташа ауырлық дәрежесі, тұрақты деп бағаланады. Науқастарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша комиссия құрылды", делінген облыс әкімдігінің ресми хабарламасында.

Ербол Қарашөкеевтің өзі аудан орталығына кеше келіп, аудандық ауруханада болды.


"Менің тапсырмам бойынша білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары кеше Байзақ ауданына шұғыл барды.Барлық диагностикалық және емдік шаралар облыстағы таңдаулы инфекционистер, педиатрлар, токсиколов мамандарының қадағалауымен жүзеге асуда. Жағдай жедел түрде Республиканың бас инфекционистіне хабарланып, қажетті кеңес алынды. Қазіргі таңда ахуал тұрақты, облыс басшылығы мен ҚР ДСМ өз бақылауында ұстауда .Орын алған оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша арнайы комиссия құрылды. Мектептегі тамақпен қамтуға жауапты ЖК “Тоқсейітовтің" жұмысы уақытша тоқтатылды. Құзыретті органдарға осы ЖК қызмет көрсететін барлық мекемелерде мектеп тағамдарының сапасын тексеруді ұйымдастыруды тапсырдым", деп жазды облыс әкімі кеше Facebook-тегі парақшасында.

Автор: Темурлан Турдалин

Тараз
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: