Жамбыл облысында бюджет қаржысын жымқырғаны үшін спорт мектептерінің бірінің 7 қызметкері сотталды

Жамбыл облысында балалар спорт мектебінің екі директоры мен есепшісі, сондай-ақ олардың төрт сыбайласы нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олар аса ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, Меркі ауданы прокуратурасы Меркі ауданы №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің лауазымды адамдары қызметтік жағдайын пайдаланып, басқа да тұлғалардың көмектесуімен аса ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқыру фактісін анықтады.

Сот шенеуніктердің бюджет қаржысын жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтер үшін аудару арқылы жымқырғанын анықтады. 2020 жылы №16 спорт мектебі макеттер жасау және металл құрылғыларын дайындау үшін жалпы құны 2 млн теңгеден асатын соманы жеткізушіге төлеген, алайда жеткізуші жұмысты мүлдем орындамай, бюджет қаражатын №16 спорт мектебінің лауазымды тұлғаларының өтініштері бойынша қолма-қол ақшаға айландырған және өзінің қызметі үшін жалпы соммадан 10% алып отырған.

Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 16 млн теңгеден астам соманы құрады..

Бұл фактіні Меркі ауданы прокуратурасы ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен СДТТБТ-не тіркеп, облыс прокуратураның Сотқа дейінгі тергеу басқармасы тергеді.

Тергеп-тексеру нәтижесінде 7 адамға қатысты қылмыстық іс сотқа мәні бойынша қарау үшін жіберілді. 2023 жылғы 3 қараша күні Меркі аудандық сотының үкімімен №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры мен бұрынғы директоры, бас есепші мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3,5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға және 4 көмектесуші мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға айыра отырып 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға сотталды. Қылмыстық іс бойынша 6,7 млн теңге келтірілген шығын өтелді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Тараз
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: