Карина Мамаш қоғам белсенділерінен көмек сұрап, әлеуметтік желіде өз басындағы жайтты баяндап берді.
Ол 10 жыл бойы зорлық-зомбылыққа ұшырап келе жатқанын айтады. Әйел жұбайын дипломат шенінен айырып, түрмеге қамауын сұрайды.
Оның айтуынша, жақында ғана ол қонаққа келген әпкесімен қосып өзін де соққыға жыққан.
"Мен мемлекетімнен көмек сұраймын, іштей тынудан, үн-түнсіз төзуден шаршадым", – деді Карина Мамаш.
Zakon.kz редакциясы түсініктеме алу үшін Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінді.
"Біз бұл қызметкерді Қазақстанға шұғыл түрде қайтарып аламыз. Одан кейін оның ісімен құқық қорғау органдары айналысатын болады", делінген ведомстваның жауабында.
2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының жиілеуіне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай құқық бұзушылықтар үшін жазаны қатаңдататын заңға қол қойды.
Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті күшейтетін, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған нормалар енгізіліп жатыр.