Ақтөбеде жоғалып кеткен ер адам үйсіз-күйсіздерге арналған зираттан табылды

Ақтөбе тұрғыны Жанат Иманғалиева ағасының жоғалып кеткенін айтып, полицияға көмек сұрап барғанда сол арада суық хабарды естиді. Сөйтсе "жоғалып кетті" деген ағасын тәртіп сақшылары үйсіз-күйсіздерге арналған бауырластар зиратына баяғыда жерлеп тастапты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Марқұмның қарындасының айтуынша, ағасы жалғыз өзі тұрған. "Құрылыспен айналысып, үй салатындықтан арасында ақша табу үшін айлап алысқа жұмысқа кетеді. Көптен хабарласпай, үйге соқпай кеткенін жұмыста жүрген болар деп ойладық. Алайда, ешқандай хабар болмаған соң, қыркүйек айында полицияға барсақ, суық хабар естідік " деп туысы Astana.tv-ға жағдайды баяндаған. 

"Полиция бөлімшесінде менің ағамның аты-жөнін сұрады. Содан кейін бір суретті алып шығып, "осы кісі ма" деп сұрады. Мен мұны растадым. "Ол 26 маусымда суға кетіп қалған" деді. "Неге бізге хабар бермедіңіздер" дегенде ешқандай жауап болмады". Марқұмның қарындасы Жанат Иманғалиева

Сөйтсе, елу бір жастағы Аман Жақаев маусым айында екі жолдасымен Қарғалы өзеніне барып, сол жерде суға батып қаза тапқан екен. Марқұм бауырластар зиратына тек алтыншы қыркүйекте жерленген. Оған дейін 2,5 ай бойы оның денесі мәйітханада жатыпты. Марқұмның жақындары өздеріне неге хабар бермегендеріне аң-таң, әрине "ағамызды арулап, соңғы сапарға шығарып сала алмадық" деп қынжылады.

"Менің күмәнім бар, істі жылы жауып қойған. Әйтпесе учаскелік полицей менің ағамды таниды, үйіміз де алыс емес, бірақ оның өлгенін айтпайды, неге?  Екі айдан аса, үш айға таман біз естіп отырмыз. Бізді туыстары ретіңде іздестірген жоқ. Ойға сыймайтын нәрсе. Даладағы мал сияқты апарып көме салған. Танымайтын, білмейтін адам болса, бір сәрі. Мен бес күннен кейін келіп тұрмын ғой жерленген соң. Бұл іске қатыстылардың барлығын анықтап, жазалауды сұраймын". Марқұмның қарындасы Жанат Иманғалиева

Полиция департаментіндегілер бұл іс бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатқандығын жеткізді.

"Аталған факті бойынша полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша шешім қабылданады". Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Ал марқұмның жақындары осы іске жауапты тергеуші мен учаскелік полиция инспекторының жауапқа тартуды талап етуде.

Ақтөбе
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: