Мұғалжар ауданы бойынша алғашында 6 ауылда жарық болмады. Бірінде жалғанса, бірінде сөніп қалады, қазір Ақсу мен Сабындыкөл ауылдарындағы бағананы қайта орнату жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Ақсу ауылында 16, Сабындыкөлде 60 бағана құлады. Сабындыкөлде шамамен 9 шақырым болады. Қазіргі кезде "Энергосистема" ЖШС екі бригада мен кранын жіберді. Бүгін Ақсу ауылындағы жұмысты аяқтаса, ертең Сабындыкөлдегі жұмыс басталады. Ақсуда төрт күннен бері жарық болмады. Бүгін генераторды іске қостық. Мұнда 200 адам тұрады. Ал Сабындыкөлде жарық тек бір күн болмады. Бұл ауылда 22 үйде 100-ден астам адам тұрады. Алдағы екі күнде бар жұмыс аяқталады",- деді Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетов.
Оның айтуынша, күн күрт жылып, даланы қою тұман басқан. Кейін шық секілді мұз қатып, қалыңдай түскен. Диаметрі 15 см болатын мұзды көтере алмаған сым мен бағаналар құлады.
"Энергосистема" ЖШС-і баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1-6 қаңтар аралығында далалыққа және шалғай елдімекендерге 72 бригада, 418 маман, 153 бірлік техника жұмылдырылды.
"Сымдарға мұз қатып, электр қуатын қалпына келтіру жұмысы ұзаққа созылды. Өйткені желіні мұздан тазарту үшін механикалық әдіс қолданылды. Мекеме мамандары тәулік бойы күшейтілген режимдегі жұмысты тоқтатпайды. 30 желтоқсан күнінен бастап тынымсыз жұмыс істеп жатыр. "Энергосистема" ЖШС-нің күшейтілген жұмыс тәртібі 8 қаңтарға дейін жалғасады", - деп хабарлады ЖШС баспасөз қызметі.