Қаланың білім басқармасының мәліметінше, оқу орнына қойылған бомба туралы алғашқы қоңырау сағат 10:45-те түскен.
"Хабарлама №39 мектеп директорынан келді: белгісіз адам мектепке қоңырау шалып, оның толық миналанғанын және балаларды эвакуациялауға 20 минут уақыт бар екенін айтқан. Алгоритмге сәйкес бұл туралы бірден 102-ге хабарланды. Мектепке құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп, оқушыларды эвакуациялай бастады", – деп хабарлады ведомство.
Содан кейін А.Шамкенова атындағы мектеп-лицейден, артынша № 6, 29, 17, 18 мектептерден қоңырау түсті.
"Олардың барлығы балаларды эвакуациялауға нұсқау алды. Ауа-райын ескере отырып, балаларды көшеде ұстамай, оқуды қашықтықтан оқыту форматына көшіру ұйымдастырылды. Барлық оқу орындары бекітілген алгоритм бойынша әрекет етті – қоңыраулар түскен сәтте 102 нөмірі бойынша дереу хабарланды", – деп атап өтті Басқарма.
Соңғы қоңырау бомба салынған №24 мектептен түскен. Алайда, бұл жолы қоңырау тікелей 102-ге бағытталды.
Павлодар мектептерінің екінші ауысымы штаттық режимде жұмыс істейді.
"Қаланың бірнеше мектебінде орнатылған жарылғыш құрылғы туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады.Жергілікті жерге шұғыл қызметтер шықты, мамандар объектілерді тексеруді жүзеге асыруда. Осы іс-шараларды өткізу үшін басқа да шұғыл қызметтер қосылған.Полиция қызметкерлері осы фактіге қатысы бар адамды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде.", – деп түсіндірді Павлодар облысының полициясы.
Бұған дейін Тоқаевтың Украина төңірегіндегі жағдайға қатысты пікір білдіргені хабарланған болатын.